Get Mystery Box with random crypto!

Ералы Тоғжанов: Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің Картасын жүз | News of Aktobe region 🇰🇿

Ералы Тоғжанов: Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің Картасын жүзеге асыру өңірдің дамуына оң әсер етеді

Өңір басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша отырыс өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов, жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте Қазақстан халқына  Жолдауында атқарушы органдардың өкілеттіктерін барынша кеңейту, халық пен биліктің арасын жақындату қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты барлық салада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі әр өңір үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің Картасын әзірледі. Бүгінгі отырыста бұл құжат қаралып, талқылауға ұсынылады», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Ақтөбе облысының сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің Картасына жергілікті халықтың пікірі ескеріліп, жеті бағыт – экология, жол және инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, құрылыс және тұрғын үй, жер мәселесі, еңбек қатынастары, экономика және қаржы саласы қамтылған.

«Бұл - ең өзекті мәселелердің тізімі. Осы тұста сыбайлас жемқорлық схемалары мен қолданыстағы нормалар мен ережелердің көлеңкесінде жасырылған мәселелерді заңсыз шешу мүмкіндіктері туады. Дәл осы тәуекелдер Картасы қазір біздің мекеменің белгілі бір аймақтағы жұмысы үшін бағдар болып табылады», - деді Саят Ахметжанов.

Картаны негізге ала отырып, Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысының бағыты түбегейлі өзгергені айтылды. Ол жасалған құқықбұзушылық үшін жазалау емес, тәуекелдердің алдын алу және анықталған сыбайлас жемқорлық схемаларын жою.

«Мәселен, экология саласында қылмыстық әрекеттің жолын кесуден бастап бірқатар мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін қысқартуға дейін мақсатты жұмыстар атқарылды, бұл болашақта сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді», - деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және оларды жою бойынша ұсыныстардың орындалуын бақылауды қоса алғанда, барлық үдерістерге облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қоғам қайраткерлерін белсенді түрде тартуда.

Отырыс барысында экология және автомобиль жолдары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша атқарылған жұмыстар туралы тиісті басқармалардың есептері де тыңдалды.

Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі Ералы Тоғжанов жергілікті атқарушы органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлескен өзара іс-қимыл жасауға бағытталғанын ерекше атап өтті.

«Тығыз ынтымақтастық мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен мінез-құлқын жақсартуға көмектесіп қана қоймай, жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетініне сенімдімін», - деді аймақ басшысы.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі