Get Mystery Box with random crypto!

Махаббатқа лайықты солар ғана. Қарайтын мейіріммен баласына, | 🌸 Жұлдыздың Жазбасы 🌸

Махаббатқа лайықты солар ғана.

Қарайтын мейіріммен баласына,
Ата-анадан асатын адам бар ма?
Қос дүние Сардары Мұхаммед те ( ﷺ )
Құрметпенен қараған анасына.

Бар нәрсеңді құрбан ет жолдарында,
Қолыңнан келіп жатса аяп қалма.
Өйткені сен аңсаған Жәннат кілті,
Ананың табанының нақ астында.

Бойларынан күш кетіп, әл тайғанда,
Хақың жоқ зекіруге, айқайлауға.
Егерде осыларды істер болсаң,
Саған да балаң сөйтер қартайғанда.

Олардың қараумен бол қабағына,
Қайғы-мұң сезілмесін жанарында.
Ин шаа Алла Жұмақтық боласың сен,
Ата-анаң шынайы разы болса.

Қарттықпен істегені ұнамаса,
Тіпті де "Уһ" дейтұғын сөзді айтпа.
Әлемдердің Раббысы Хақ Та'ала,
Дәл осылай бұйырған кәламында.
(Исра сүресі,23-аят)

Қанша жақсылық қылсаң да ата-анаңа,
Зәрусің тілегіне, батасына.
Перзенттік қарызыңнан құтылмайсың,
Меккеге үш арқалап апарсаң да.

Жүректерін нәзік қып жаратты Алла,
Сондықтан ауыр сөзбен жаралама!
Себебі мына бес күн,қу жалғанда,
Махаббатқа лайықты СОЛАР ғана!

Албаров Мадияр