Get Mystery Box with random crypto!

Тоқтамаймын тағдырыммен тебіспей Тынбайды ғой ер шекіспей, бек | Ынтызардың жазбалары ✨

Тоқтамаймын тағдырыммен тебіспей
Тынбайды ғой ер шекіспей, бекіспей
Сені көріп кітабын бастағанда
Аяқтаусыз өлер еді Шекспир

Жүрек дейтін саған бұрдым күймемді
Қалай ғана жұртқа қиям сүйгенді
Сонша уақыт жұлдыздарға үңіліп
Галилео іздеген-ау бейнеңді

Мендей шексіз сені қандай жан сүймек
Сені сүйсем ерініме бал тимек
Саған деген сезімнің формуласын
Шеше алмайды Аристотель, Архимед

Жүрегіңе сезім берем, от берем
Басқа жанның жымиғанын жек көрем
Сыңғыр күлкің симфония тәрізді
Нотасына сала алмаған Бетховен
Мен жазармын сен туралы текті өлең

Қиялдайсың болуды сен де кімді?
Бар ғой сенде керемет келбет үлгі
Да Винчидің өмір бақи құдыреті
Жетпес еді салуға келбетіңді

Өткенімді ешбіреуі біле алмайды
Менің жүрген жолыммен жүре алмайды
Сенсіз жалғыз өткізген күндерімді
Робинзон Крузода сүре алмайды

Жүрегің ғана керек сенің маған
Ол жүректі алудың ебін табам
Жүрегіңді бар тәніңмен жаулап алам
Жер жүзіне көз тіккендей Еділ қаған

Сендей жанды ешбіреуі басалмайды
Жүрек сыздап, көздерім жасаурайды
Мен сені іздеуімді тоқтатпаймын
Жерұйықты іздегендей Асан қайғы

Мұқағали, Абайдай, Төлегендей
Ақын қайда қыз сезімін төккізер
Сені осы өлеңмен бөлегендей
Менен басқа қай ақын бар жеткізер

Жаланы да, бәлені де кешті атым
Сезімде содан болар кеш туатын
Қанша ғасыр өтсе де сен жайында
Жырламайды мен секілді ешбір ақын

Ақжігітов Бағымжан Марғұлан-Ұлы