Get Mystery Box with random crypto!

Алынған ақпаратты яки сөзді өз иесіне дереккөзге телу. Бұл нег | Yerzhan Bakhytzhanuly

Алынған ақпаратты яки сөзді өз иесіне дереккөзге телу. Бұл негізі ғылымның аманаты саналатын көп адамдар мән бермейтін маңызды нәрсе. Бір сөз өтімді, салмақты, әсерлі болуы үшін авторы келтірілуі керек. Бұл – аманат. Ол тіпті, екі ауыз қысқа сөз болса да оны кімнен естіп оқығаныңызды айту білімнің әдебі.

Шейх Абдул Фаттах Әбу Ғудда (оған Алла рақым етсін) өзінің «Қиматуззаман» (уақыттың құндылығы) атты кітабының сегізінші баспасына жазған кіріспесінде әлдебір кісілерге ренжіп айтатын сөздері бар. Айтатын реті бар. Себебі бір кісілер уақыт жайында шейх секілді кітап жазып ішіндегі деректердің көбісін шейхтің кітабынан пайдаланып, бірақ оған телімеген. Имам Абдул Фаттах Әбу Ғудда ол кітапты жазу үшін жиырма жыл көз майын тауысып фиқһ, тәпсір, хадис, тарих, тәзкия, тіл біліміне қатысты кітаптарды басынан ақырына дейін оқып сол жақтан пайдалы мағлұматтарды терген.

Шыныменде, ол кітаптағы деректер бір күннің немесе бір айдың еншісіндегі дүниелер емес, ондай олжаға жету үшін кітаптарды толық оқып ішіндегілерді түртіп отыру керек. Ол деген жылдарды талап етеді. Біреудің жиырма жыл жазған кітабын алып, ішіндегі деректі түпкі дереккөзге теліп өзің соны тапқандай етіп көрсету қандай жағымсыз іс.

Дініміз бізге әрбір пайдалы нәрсені өзінің иесіне телуді үйретті. Бұл – Исламның әдебі. Аманатқа қиянат жасалмаған кезде ғана білімнің пайдасы берекесі болады. Ұрлықта береке жоқ. Сондықтан әрбір пайдалы сөз өз иесіне телінуі керек.