Get Mystery Box with random crypto!

​​​​Қазіргі кезде мұсылмандар арасында Рәжәб айының ерекшелігі | ұстаз Ерсін Әміре

​​​​Қазіргі кезде мұсылмандар арасында Рәжәб айының ерекшелігі мен бұл айда орындалатын құлшылықтардың артықшылығы туралы көптеген хадистер ғаламтор желісі арқылы кеңінен таралуда. Бүгінгі мақаламызда, осы хабарлардың қаншалықты сенімділігі мен амал ету тұрғысынан қаншалықты жарамдылығы турасында қарастыратын боламыз.

1) Әнәс ибн Мәлік (радиаллаһу әнһ) Алла Елшісінің صلى الله عليه وسلم былай дегенін жеткізеді:

«Алла үшін айлардың жақсысы ережеп айы. Рәжәб Алланың айы. Кім оны ұлықтаса,расында Алланың ісін ұлықтаған болады. Кім Алланың ісін ұлықтаған болса, ол нығметтерге толы жаннаттарға кіреді. Оған Алланың разылығы түседі. Шағбан менің айым. Кім оны дәріптесе, расында менім ісімді дәріптеген болады. Кім менің ісімді дәріптеген болса, қиямет күні мен оның алдынан қарсы аламын және де ол үшін ахиреттің сыйы боламын. Рамазан айы менің үмметімнің айы. Кім бұл айды құрметтесе, оның бағамын дәріптесе және оның шегінен шықпаса, күндізін оразамен, түнін құлшылықпен өткізсе, Рамазан айы шыққанша күнәлі істерден сақтанса,
Алланың одан сұрар күнәсі қалмайды»


Хадисті имам Байқаһи (рахимахуллаһ) «Шуабул-иман» (3/374) кітабында келтірген. Сондай-ақ, «Фадаил-ауқат» (10 б.) кітабында да кездеседі. Хадистің дәрежесі «маудуғ». Хадистің иснадындағы жеткізушілерді хадис мамандары «жалғаншы, әлсіз, хадисі тасталған» деп бағалаған.

2) «Кімде кім Рәжәб айында бір күн ораза ұстайтын болса, ол бір жылдық оразаға ұқсайды. Ал кімде-кім жеті күн ораза ұстайтын болса, оған жеті тозақтың есігі жабылады. Ал кімде-кім сегіз күн ораза ұстайтын болса, оған сегіз жаннаттың есігі ашылады. Ал кімде-кім он күн ораза ұстайтын болса, оған Алла сұрағанын береді. Ал кімде-кім он бес күн ораза ұстайтын болса, көктен бір дауыстаушы: «Шындығында Алла Тағала сенің өткен күнәларының бәрін кешірді, ісің алға басты, жамандықтарын жақсылыққа ауыстырылды», - деп дабыстайды». Кімде-кім осы игіліктерді ары қарай арттырғысы келсе, Алла да көбейтеді.»

Хадистің бірнеше нұсқалары бар. Олардың бірінде он бес күн делінсе, басқа риуаятта он сегіз күн делінген. Хадисті имам Табарани және басқалар келтірген. (Мажмул-Кабир, 5538; Тарихул-Бағдад, 8/331).

Имам Заһаби (рахимахуллаһ) хадисті ойдан тоқылған деп бағалаған. (Мизанул-иғтидал, 3/54; Мәжму уз-Зауа-ид, 3/188)

3) «Рәжәб айының алғашқы күні ораза тұту үш жылдық күнәнің кешірілуінің өтемі болады, екінші күні ораза тұту екі жылдық күнәні кешіреді, үшінші күні ораза тұту бір жылдық күнәның кешірілуіне себеп болады, ал, одан кейінгі әрбір күні тұтқан ораза бір айлық күнәнің кешірілуіне себеп болады.»

Хадисті әбу Мухаммад әл-Хәлләл (рахимахуллаһ) өте әлсіз иснадпен жеткізген. Хадисті келтіруге болмайды. (Жамиғус-сағир, 5051).

4) «Егер кімде-кім Рәжәб айында басқа бір мұсылманның ісін жеңілдетуге көмектессе, Алла оған Жәннаттан сарай нәсіп етеді.»

Хафиз ибн Хажар (рахимахуллаһ) хадистің иснадын негізсіз, яғни жарамсыз деп атаған. (Табаинул-әжәб, 27)

5) «Рәжәб айында көбірек Алладан жарылқау тілеңдер! Себебі, Алла Тағала (бұл айдың) әрбір сағатында адамдарды оттан азат етеді.»

Хадис имам Дәйләмидің (рахимахуллаһ) «Муснадул-Фирдаус» атты хадис еңбегінде келген. Хафиз имам Суюти (рахимахуллаһ) хадисті ойдан тоқылған деп бағалаған. (Тәнзи-уш шариға, 2/333; Зәйлул лә әли әл-мәснуғә,2/617)

6) «Рәжәб айының жиырма жетінші күні ауыз бекіткен адамның алпыс жылдық күнәлары кешіріледі.»

Алла Елшісінен жеткен мынадай мәтіндегі хадис жоқ, алайда, Әбу Һурайра (радиаллаһу әнһ) осыған ұқсас асарды айтады. Алайда, хафиз ибн Хажар аталмыш риуаятты сенімсіз деп атаған. ((Табаинул-әжәб, 45)

7) «Шындығында жаннатта бір өзен бар. Ол сүттен аппақ, балдан шырынды, ол өзенді ражжаб (Ережеп) деп атайды. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала сол өзеннен сусындандырады.»

Хадисті имам Байһақи «Шуабул-иман»-да (3/367), ибн әл-Жәузи «әл-Ғулул-мутанаһия»-да (2/555), ибн Хиббан «Мәжрухиин» кітабында (2/238) келтірген. Хадистің иснады тым әлсіз.

Сөз соңында сіздерден осы тектес хадистерді таратпауды ескертеміз

Жазбаның авторлық құқығы сақталған

Әпендінің әңгімелері | Жазылыңыз