Get Mystery Box with random crypto!

#Пси МАНХЭТТЕН ЖОБАСЫ Өміріңде - бір миллиграмм қателессең, | YerlanGo - 21 😊

#Пси
МАНХЭТТЕН ЖОБАСЫ

Өміріңде - бір миллиграмм қателессең, жарты миллиметр ағат кетсең - жұмыс істемей қалатын нәрсе көрдің бе?

Мұндайды мен құрылыс басына келгенге дейін "Манхэттен жобасы" туралы әңгімелерден оқығам. Атом бомбасын алғаш жасаушылар гипердәл жұмыс істеген екен. Олардың әлемінде миллиметр - километр, грамм - тонна сияқты болыпты.

Мұндай масқара дәлдік құрылыс басында керек болады деп ойламаппын.

Біз үй сылайтынбыз. Сылап болғасын, ащы кірін алып әктеп беру керек. Кейін өздері үстінен тағы әктеген кезде, қабырға көз қаритындай аппақ болады.
Бірақтың бірағы - қаралай әктеу үшін сылақ үш күндей кебуі керек! Ал күн жаңбырлы болса, кебуі аптаға созылып кетеді. Ал біз - ақшаны артымыздан құбыр жалғап құйса да тоймайтын, үнемі - тез, тап қазір ақша керек жастамыз.
Кейде әктеуге адам жалдай саламыз. Бірақ қолы қымбат солардың, бір қабырғаны әктеу ұмытпасам - төрт жүз теңге тұрды. Мұны мысалы, төрт бөлмелі үйдің он сегіз қабырғасына көбейт. Сонда жеті мың теңгең жылап кетеді.

Сөйтіп жүргенде, бір күні, астауда саз илеп жатқанымда, бір көзін сығырайтып қарап жататын қырғыз Талай келіп, "былай көрейікші" деді. "Төртжүздік" портландцементтен тек екі жарым күрек сал деді. Қайырдан сегіз емес, алты күрек сал деді. Сосын силикат кірпіштің уатылып, төсек болып жататын қалдығынан екі күрек сал деді. Оған қап түбіндегі тағы бір қалдықтарды қостырды. Сөйтіп, қабырғаны сылап болып, таңертең қарасақ ... о, ғажап! - қабырға әктелгендей сұп-сұры болып тұр!

Талай байкенің технологиясымен талай жұмысты жапырдық. Тек қиыны - соның айтқан нәрсесі мен мөлшерін салу керек. Плюс-минус бір күрек - бітті, ештеңе шықпайды: баяғы қанар қаптың түсіндей қара қабырғаңды құшақтап қаласың. Содан не керек, бұлайша сылауды "Манхэттен жобасы" деп кеттік.

- "Манхэттенше" ұрамыз ба?

- Жоқ, әктейтін өз адамымыз бар дейді, баяғыша ұрамыз...

...Сол, бізге өзі артық май жұға ма өзі. Талай байке еліне кеткесін, бәрін ұмытып қалдым. Баяғыдай қабырға тез кепсін деп, аспан-жерасты құдайларынан, пірлерден, сатирлер мен нимфалардан ашық күн тіленіп жүретін таз қалпымызға түстік. Әй осы, біз де бір...