Get Mystery Box with random crypto!

​Құрметті ұстаз! Мұғалім тапшылығы бар өңірлерге үздік педаго | ҚАЗАҚСТАН ҰСТАЗДАРЫ

Құрметті ұстаз!

Мұғалім тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарламаға қатысу үшін құжат қабылдау жалғасып жатыр.

Бағдарламаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігі әзірледі.

Конкурс іріктеуінен өткен мұғалімдерге әлеуметтік пакет қарастырылған: оларға лауазымдық жалақының 250%-ы мөлшерінде ынталандыру үстемеақысы беріледі, оның ішіне жоғары жалақыны, жалдамалы тұрғын үй мен коммуналдық қызмет ақысын төлеу кіреді. Одан бөлек, мұғалім жетіспейтін өңірлерге қоныс аударған педагогтердің балаларына балабақша мен орта мектептерден кезексіз орын беріледі.

Арнайы бағдарлама Алматы, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында енгізіледі. Бұл аймақтарда математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері жетіспейді.

Кез келген мұғалімнің конкурсқа қатысуға мүмкіндігі болуы үшін құжаттарды қабылдау 2022 жылғы 21 шілдеге дейін ұзартылды.

Конкурсқа кім қатыса алады?

Конкурсқа тұрғылықты жеріне қарамастан, тиісті бейіні бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсіптік және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар еліміздің педагогтері қатыса алады. Яғни жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында педагогикалық қайта даярлаудан өткен, сондай-ақ «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санаттары бар мамандар қатыса алады.

Сонымен қатар конкурсқа үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,5-тен төмен емес гуманитар бағыты бойынша, үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,2-ден төмен емес жаратылыстану-математика бағыты бойынша ЖОО-ның педагогика мамандықтарының түлектері, сондай-ақ педагогика мамандықтары бойынша үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,4-тен төмен емес магистратура түлектері қатыса алады.

Бағдарламаға қалай қатысуға болуға болады?

Конкурс туралы хабарландыру жергілікті атқарушы органдардың және «НЗМ» ДББҰ ақпараттық ресурстарында орналастырылған. Өтінішті білім басқармасына беруіңізге болады.

Содан кейін конкурстың екі кезеңінен өту керек. Бірінші кезең – компьютерлік тестілеу және эссе. Тестілеу және эссе жазу үміткердің таңдауы бойынша еліміздің 17 облысындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде компьютер форматында өтеді. Негізгі пән бойынша тест 25 тапсырмадан тұрады, эссе көлемі 350 сөз.

Егер бірінші кезеңді сәтті тапсырсаңыз, онда министрлік жанындағы Конкурстық комиссия өткізетін әңгімелесуге шақырыласыз.

Конкурстың іріктеуінен өткен мұғалімдер Алматы, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылданады. Олармен 5 жылға еңбек шарты жасалады.

Бүгінгі таңда конкурсқа қатысуға 800-ге жуық педагог өтініш беріп үлгерді. Сіз де мұғалім жетіспейтін өңірлерге үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарламаға қатыса аласыз.

Құрметті ұстаздар, мүмкіндікті жіберіп алмай, арнайы бағдарламаға қатысыңыздар! Сіздер мұғалім жетіспейтін өңірлердегі орта білім сапасын арттыруға өз үлестеріңізді қоса аласыздар!