Get Mystery Box with random crypto!

ME TIME. Бейсенбі тойға барғанбыз. Ұят болмасын деп. Бұл айда | Шын жүректен, Ұлбике 💛

ME TIME.

Бейсенбі тойға барғанбыз. Ұят болмасын деп. Бұл айда 3 той болды, бірінен ауырып қалып кеттік. Екіншісіне Жігітімнің өзі барды. Бәрі мен жайлы сұраған соң, ұялғанымнан бала-шағамды алып бардым.

Байқағаным, қазір тлйға балаларымен келе бермейді екен. Бүкіл тойхана да 5-6 бала ғана болды. Соның үшеуі біздікі . Шұбырып жүрген бала жоқ.

10-нан аса бала-шаға шаршады. Әдетте 10 болмай жатып қалатын. Айкүміс билеп жүріп жылап жіберді. Үйге қайттық. Қызуы шықты. Ертесіне тынысы тарылып, ырсылдап бастады (Айкүмістің өкпесі ауырады, мүгедектігі бар). Кеше күні бойы еш жаққа шықпадым. Қасында болдым. Үй жинадым, тамақ істедім, телефон қарадым. Ингаляциясын істедім, ойнадым.

Бүгін күндіз ME TIME-ға шықтым.

Автобуспен асықпай сұлулық студиясына бардым. Екі көзім айналамда. Адамдардың түрі, көңіл-күйі қызық. Неге бәрі ашулы? Ауа-райы күшті болып тұр. Жып-жылы. Күн жайнап тұр. Бәрі шаршаңқы… Мен ғана қуанышқа толы жанарыммен жан-жағыма шөлдеп қараймын. Студиядан шығып, ШымПлазаға келдім. Палау алып, тәтті сусын ішіп, аптама талдау жасап, келер аптаға жоспар жазып отырмын. Ішімде тыныштық. Баланс.

Бұрын, балалар ауырса, үйде байланып отыратынмын. Жайлап, өзіме де күш-қуат керек екенін түсініп келемін. Балаларыма бақытты ана керек. Шаршап, шалдығып, май мен тер сасып, әбіржіп жүрген ашулы ана емес, жүзінде жылы күлкісі, мерейге толы көздері бар, мейіріммен құшақтаудан шаршамайтын ана керек.

Сондай ана болуым үшін маған МЕ ТІМЕ керек.

Қазір дүкен аралап, бірнеше жаздық киім аламын. Сосын жаяу Арбатта жүремін. Автобуспен асықпай қайтамын. Үйге кірерден бұрын дүкеннен балаларыма банан ала барамын.