Get Mystery Box with random crypto!

Соңғы кездері тарихи кино/сериалдарды қарап отырғанда біреу ад | Тимурдан Инфо | it&tech

Соңғы кездері тарихи кино/сериалдарды қарап отырғанда біреу адам өлтіріп қойса, біреу өтірік айтып отырса, біреу ақпаратты тезірек жеткізе алмай атпен шауып бара жатса, біреу маңызды ақпаратты қалай сақтарын білмей жатса, тағысын-тағы күнделікті operatins тірліктерде "Біз неткен бақытты ұрпақпыз?.." деп таңдай қаға беремін...

Ойлап қараңызшы, алыстағы ағайынға зарығып, хат жазып, оның жауабын бір ай тосудың қажеті жоқ.

Ойыңдағы ақпаратты диктофонмен аудиоға, қаламмен қағазға, интернетпен блогыңа, әйтеуір қай форматта болса да сақтаудың мын сан жолы бар.

Есеп шығару қиын емес, ойыңа келген сұраққа жауап іздеу әп-сәтте. Білесіздер ғой, кезінде Ислам әлеміндегі Құран Кәрімнен кейінгі ең маңызды кітап - Сахих-Бұхари хадистер жинағының авторы Имам Бухари Бұхарадан шығып бүкіл таяу шығыстағы ислам әлемін кезіп, ақпарат жинауға мәжбүр болған.

Ибн Синалар кәсіби қызығушылығы ұрып тұрса да медициналық тәжірибелерге бүгінгінің ең жаман деген медициналық колледжінің ең нашар деген студентінің деңгейіндегідей де қолы жетпеген.

Адамдардың күйбең тірліктен арқасын жазып, көңілін көтеретін Тикток блоггерлерінің орнында Ақан сері мен Біржан Салдай сал-серілерінен басқа ешкімі болмаған. Солар ауылға қашан келеді екен деп қыр басына көз тігіп жүретін болған.

Оқиын десе кітап жоқ, барайын десе кітапхана жоқ, Құнанбайдың ұлы Абай сияқты подкастер контент-мейкерлердің жанында топталып жүруге мәжбүр болған.

Құдай-ау, өткен ғасырды айтам, ХХІ ғасырдың бастапқы он жылдығында менің өзім инженер-программистікке оқып жүріп, интернеттен бар болғаны 34МБ файл тұратын информатика пәніне арналған кітапты таңертеңгі 10-нан кешкі 20:00-ге дейін 36кбитс жылдамдықпен жүктеп, ең соңында 99% болғанда байланыс үзіліп кетіп, поврежденный архив ұстап қала бергенім әлі де көз алдымда ғой...

Айтпағым, Аллаһ Тағала бізге нығмет етіп жіберген технологияны өз пайдаларыңызға жаратыңыздар, ағайын! Расында, біздің қолымыздағы аса зор инновациялық технологиялар, бұл - үлкен нығмет!

Осынша технология мен заманауи мүмкіндіктердің ортасында отырып, орта ғасырлық надандықта жүрген адамдардан болмаңыздар!

@timurdaninfo