Get Mystery Box with random crypto!

Тараз қаласында шығатын «Арай» газетінің бас редакторы Біржан | The Qman

Тараз қаласында шығатын «Арай» газетінің бас редакторы Біржан Сартбекке ерекше риза боп отырмын. Ол газеттің меншік иесі қала әкімі туралы сыни мақала бар нөмірді баспаға жібермей қойғаны жұмыстан кеткелі жатыр екен.

Аймақтарда медиаорта тым тар, жұмыс та, басқа мүмкіндік те аз. Соған қарамастан осындай шешім қабылдап отырған әріптеске ризамын. Тілектеспін. Фейсбуктегі жазбасын осында көшіріп басайын.

Біржан Сартбектің жазғаны:

Құрметті облыс тұрғындары, «AR-AI» газетінің оқырмандары!

Бүгін сонау 2005 жылы оқырманға жол тартып, облыс жастарының жанашырына, үнпарағына айналған «AR-AI» газеті өз тарихында бірінші рет жарық көрмей қалды.

Арымның алдында ұятты болмау үшін осы постты жариялауды жөн көрдім.

Айтуға, ақталуға ыңғайсыз себептермен.

Газеттің бүгінгі, яғни 19 ақпан күні шығуы тиіс санында «Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың назарына!» атты айдармен «Шөлдалада жағымды жаңалық емес, жаназа көбейді» деген сын мақала басылу керек болған. Бұл мақала шөлдалалық тұрғындардың өтініші, шақыртуы негізінде дайындалған болатын.
Өйткені тұрғын алқаптың дәл іргесінен ағып жатқан үлкен канал соңғы жылдары ажал ағынына айналып кеткен. Суға түсіп, қайтыс болғандар да аз емес көрінеді. Жуырда ғана бір келіншек құбыр үстімен өтемін деп, суға кетіп ажал құшыпты.
Міне осындай бүтін бір елді мекен тұрғындарының тағдыры, билікке деген базынасы баяндалған мақаланың жарыққа шығуын газеттің меншік иесі «Aulieata-media» ЖСШ бас директоры Нұрбек Бекен тоқтатып тұр. Газет макеті кеше түнде баспаханаға жіберілген, бірақ директор баспаханаға хабарласып жарыққа шығармай отыр.
Өйткені басты мақсат қала әкімінің жаман атын шығармау.
Қала әкімінің ықпалы жүріп, айтқаны болатын мұндай облыстық баспасөз ұжымында мен бұдан былай жұмыс істей алмаймын.

Бас редакторлық қызметімді өткізіп беремін. Өйткені оқырманға не деп ақталамын.

Жұрт «Еститін Үкімет» боламыз деп жүргенде қала әкімінің имиджіне жұмыс істейтін облыстық ұжымның мына тірлігіне не айтуға болады?

Құрметті шөлдалалықтар!
Сіздердің базыналарыңызды билікке жеткізуі тиіс проблемалық мақала жарияланатын бүгінгі санның баспаханадан басылмау себебінің ұзын-ырғасы осындай.

Құрметті шөлдалалықтар! Мен сіздерден кешірім сұраймын және сіздер жағында екенімді қоса ескертемін!

Журналистік принципіме жүгініп, мен мұндай жағдайда жұмыс істей алмайтынымды мәлімдеймін! Және ар ұятымның алдында бәріңізден басымды иіп кешірім сұраймын!

Журналистік антына адал болған менің орынбасырым Жасұлан Сейілхан мен жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаеваға үлкен алғыс білдіремін.