Get Mystery Box with random crypto!

100 доллар Студентпін. Сабақтан қайтып бара жатқан кез. Шамас | tesik qaıyq

100 доллар

Студентпін. Сабақтан қайтып бара жатқан кез. Шамасы мамыр айы болса керек, себебі үйге қайтатын кез таяп қалған болатын.

Бірақ үйге қайту үшін “летаны” жабу керек. Вышматтан беретін ағаймен ерегісіп қалып, бір жыл бойына сабағына қатыспай қойған болатынмын. Содан ол мені жазғы семестрге қалдырған. Ал менің мамандығым үшін физика мен вышмат өте маңызды (Ұшақ ұшырғым келіп, Авиациялық академияда оқығанмын).

Содан қалған сабақтардан сессияны тапсырып, автобуста ойланып үйге қайтып бара жатқан кезім болатын. Бар уайымым сол, жазғы семестрге төлейтін ақша. Екі семестр бойына жиналған кредиттің саны төртеу яғни 60 мың теңге. Бірінші курс кезім, ондай ақша менде жоқ болатын. Үйден сұрауға қатты қысылдым. 60 мың деген менің сол кездегі 4 айлық пәтер ақым ғой.

Әлі есімде, үстімде тастамай киетін жасыл мен ақ түс аралас “балахоным” бар, ақшыл көк түстес шалбардамын. 79 дың ең артында, сол жақ бетте терезеге қарап, қатты мазам кетіп отырды. Себебі мен үшін басқа-басқа, бірақ математика мен физикадан жазға қалу абсурд болатын. Оны анама айтсам қатты ренжітетінімді білдім де, ақша табудың басқа амалын қарастыру керек екенін түсіндім.

Еш жерде жұмыс жасамайтын 1 курстың студенті үшін ақша табудың ең тиімді тәсілі - дұға жасау болды. Ал әлгі іске барлық тақуалығымды қосып тұрып, тура зікір салғандай көктен сұрай бастадым.

Дұғамның басы Фурманов көшесімен Абай көшесінің қиылысында басталған болатын. Көзімді ашып қалсам, Байтұрсынов көшесіне таяп қалған екенбіз. Айтсам сенбейсіңдер ғой, көзімді ашқан сәтте жерден желпілдеп тұрған бір нәрсені байқадым. Автобус бағдаршамда тоқтап тұр. Терезені жылжытып аштым да, әлгі жердегі қағазға мұқият қарадым. Анаған бір қарадым да, өз көзіме өзім сенбедім. Сенесіңдер ме, жерде 100 долларлықтар жатыр екен! Қанша екенін нақты білмедім, бірақ әлгінің менің жазғы семестрдегі мәселемді толық шешетінін ұғып тұрмын. Бір кезде автобус қайта жүре бастады, Байтұрсынов көшесіне қарай бұрылды да аялдамаға тоқтады. Әлгі автобустан жүгіріп түстім. Себебі әлгі ақшаны менің ғана көруім мүмкін емес қой. Екі өкпемді қолыма алып, ақша тұрған жаққа қарай жүгіре бастадым, бағдаршамның қызылына қарағаным жоқ,

Және ол ақша жолдың бойында жатқан жоқ қой, екі жолды бөліп тұратын газон бар ғой, соның үстінде жатты. Негізі ол жермен жүруге болмайды, жаныңда толған көліктер. Сонда да жолды кесіп өтіп әлгі жерге жеттім. Қуанышыма қарай ешкім алмапты, әлі жатыр. Иә, расымен де бір-бірне жабысып тұрған 200 доллар екен. Ие, тілегенімнің соншалықты аз уақыттың ішінде қабыл болғанына таңданып, жүрегім қатты соғып кетті. Езуім екі құлағымда. Біреудікі емес пе екен деп жан жағыма қарадым да, бұл да бір сый шығар деп қалтама басып алдым.

Содан аялдамаға бардым. Қалтамды қайта-қайта ұстап қоям, тура бір түсіп қалатындай. Жоқ, қалтаға салған дұрыс емес, дұрысы портмонеме салып қояйын деп ақшаны қалтамнан шығарып едім, артында бір үлкен жазу тұр. Ол жазуда дәу әріптермен: “Без лоха жизнь плоха” деп жазып қойған екен. Әлгі жердегі менің түрімді көрсеңдер.