Get Mystery Box with random crypto!

Мобильді аударымдарға салық салу туралы Бүгін әлеуметтік желі | Tenge Online

Мобильді аударымдарға салық салу туралы

Бүгін әлеуметтік желіде көптеген адамдар банкоматқа кезек басталды, сатушылар қолма-қол ақшамен төлеуді талап етіп жатыр, аударымдарды қабылдамайды деген жазбалар көбейді. Бұл аса дүрлігетін нәрсе емес. @TengeOnline түсіндіреді.

1. Бұл өзгерістің әдеттегі аударымдарға қатысы жоқ. Әке-шеше, бауыр, отбасыңыз, туған-туыс және басқа да адамдарға қарыз, көмек т.б ақшаны аудара бересіз. Оны ешкім бақыламайды, салық салынбайды. Мұны өткенде Мәжілісте Қаржы вице-министрі де айтты. Заңда да солай көрсетілген. Тағы да қайталайын, жеке адамдардың аударымдарына қатысы жоқ. Ары қарай да еркін пайдалана беріңіз. Ол қадағаланбайды.

2. Өзгеріс тек дүкені бар немесе қызмет көрсететін кәсіпкерлерге қатысты. Мобильді аударым арқылы күн сайын жиі аударым қабылдасаңыз және ЖК, ЖШС иесі болсаңыз, салық органдары сізден аударым қайдан түсіп жатқанын сұрайды. Егер оның кәсіпкерлікке қатысы жоқ аударым екенін құжат жүзінде дәлелдесеңіз, мәселе жоқ. Ал кәсіпкерлікке қатысты болса, онда салық төлеуіңіз керек. Яғни, салық органдары тек бизнес мақсатта қабылдасаңыз, табыстан салық төлеңіз деп тұр. Ақша аударған адамға мұның қатысты жоқ. Одан ешкім не мақсатта аудардың деп сұрамайды.

3. Кәсіпкерлер тауар не қызмет ақысын бұрынғыдай жылдам, онлайн қабылдай алады. Ол үшін Kaspi Pay мобильді қосымшасын жүктеп алып, пайдалана алады. Бұл Kaspi.kz қосымшасының бизнеске арналған түрі. Тауар айналымы үлкен болса, банк 2 айдан кейін POS терминал орнатып береді.

4. Kaspi Gold-пен төлем қабылданбайды деген ақпарат таратып жатыр. Бұл сәл қате ақпарат. Kaspi Gold-пен төлем қабылданады. Kaspi Gold жұмыс істеп тұр. Тек кәсіпкерлер жаңа өзгерістерге байланысты аударым арқылы төлем қабылдамайтынын айтып тұр. Бұрынғыдай қолма-қол қабылдауға көшпекші. Бұл салықтан жалтару. Сіз онлайн, қолма-қол қабылдаса да, түбіртек талап етіңіз.

5. Банкоматқа кезекке тұрамыз ба, қолма-қол ақшаны қайта алып жүреміз бе, деген адамдар! Сізге алаңдауға еш негіз жоқ. Бизнес иесінен мысалы: дүкен иесінен онлайн төлеу мүмкіндігін қарастыруды талап етіңіз. Клиент талап етсе, онлайн қабылдауға міндетті. Егер қолма-қол төлеуді талап етсе, онда түбіртек талап етіңіз. Түбіртек талап етсеңіз, бәрібір салық төлейтіндіктен, онлайн қызметтерді де қосады. Мемлекеттің талап етіп отырғаны қолма-қол немесе онлайн қосымшалар арқылы бизнес мақсатта төлем қабылдадың ба, табыстан салық төле. Тек осы ғана.

6. Бұл өзгеріс тек Kaspi.kz аударымдарына ғана қатысты ма? Жоқ, заңда тек Kaspi.kz аударымдары деп жазылмаған. Заң барлық банкке ортақ, яғни барлық банктердің мобильді қосымшаларындағы аударымдарға қатысты. Кәсіпкерлер Kaspi аударымды тоқтатып, басқа банктің аударымына көшсем, салық төлемеймін деген ой болмауы тиіс. Барлық банк заң талабын орындауға міндетті.

@TengeOnline