Get Mystery Box with random crypto!

. Мені кім өсектемей жатыр, қарғам? Не істей алам күрсініп, аһ | Сенің тыныштығың

.
Мені кім өсектемей жатыр, қарғам?
Не істей алам күрсініп, аһ ұрғаннан?
Өзгеден емес, жаным, таяқтауды,
жолдастан, көріп келем жақындардан.

Сүрінсең сүйенішің болмағандар,
Тұзағын тірілерге жолда қамдар.
Өмірін келістіре алмай жүріп,
Өзгені сөз қылады сорлы адамдар!

Мені кім өсектемей жатыр, күнім?
Жақсы да жайпап өткен ақымды мың,
ардағым, ақымақтан не күтесің,
Істері осы болса ақылдының?!

Балақта талай тістің қалды үлесі,
күндестің батпай тұрар мәңгі кеші.
Тәңір берген тағдырың біреулердің,
Бір сағат талқылайтын әңгімесі...

Өтермін мейірім іздеп жер - көктен де,
ақ нұрын мынау аспан селдеткенде.
Ешкімге өкпем де жоқ, тек сұрарым,
«Жақсы еді...» десе болды мен кеткенде.

Азамат ӘБІЛҚАЙЫР