Get Mystery Box with random crypto!

Әуел баста бұл әңгімені жазуға отырмастан бұрын 'Ағааа, мен ту | Парадокс

Әуел баста бұл әңгімені жазуға отырмастан бұрын "Ағааа, мен туралы жазасыз ба" деп қуанған сәтінен бастап ойымда түрлі сюжеттік линиялар құрастырып, көркемдік құралдар мен әдістердің, оқырман санасына әсер етудің сан түрлі манипуляциялық әдістерін қолданудың жолдарын іздедім. Жазушылық қиялыма сүйеніп сан түрлі бояуға малып, түстерін қанықтырып, оқырман санасын бір былай шаптырып, бір олай шаптырып әуре сарсаңға салып, өкіндіріп, өкпелетіп, қуантып, мұңайтып бұралаң соқпаққа салатын әртүрлі оқиғалар жасап, тіл құдіреттің күшімен баттастыра түсермін деп ойлаған едім. Қазір міне қыркүйектің аяғы боп қалды. Мен жазам дегелі 1 жылға жуықтап қалыпты. Әлдебір туындысын жазарда жазушының ұзақ толғатуы қалыпты болса да ұзақ жүруге жүрегім шыдамады. Әр ойлаған сайын сол жақ кеудем шымырлап, көзіме түйір-түйір жас топтала қалады. Кеудемнің қақ ортасын ащы бірнәрсе тіліп өтіп, өңешіме кеп кептеліп қалғанда ыршып түскен жас менің қайда келе жатқаныма назар аудармайды да. Көрсеткім келмегесін теріс бұрылып немесе төмен қарап кетемін. Бұл маған ауыр! Тыыым ауыр!...
Жоқ, мендегі аяушылық оның жаны сау, тәні мүгедек болғанынан емес, тәнім сау болғанмен жаным мүгедек өзімді аяғаннан туындаушы еді. Бар ғұмырын ауруханада өткізген, тұлымшағы желбіреп бала боп ойнамаған, оқушы боп мектеп партасында дұрыс отырмаған, төрт қабырғада қамалып әлемнен шет қалса да мойымаған періште қыздың өмірге деген махаббатын көріп сәл қиындық туындаса сынып қалатын әлсіздігіме, нәпсісін қанағаттандырудан аса алмаған құлқыныма налып, өзімді аяймын. "Аға, бір күнмен өмір сүріп көріңізші" деп қиыла өтінгенде мәңгі өмір сүретіндей жүрген, дені сау болғанына масаттанған кейпіме не дерімді білмедім. Өз жүрегі жоқ болса да періште қызда жүрек бар еді. Ал менің жүрегім бар болса да тұрмыстың лаңынан ластанып, әбден қарайып кетіпті.
Білесіз бе онымен танысып, әңгімелесуден кейін мен бәріне басқаша қарай бастадым. Өйткені ол жақтан тазалық, пәктік, өмірге деген махаббат, шынайылық есіп тұратын. Жазуға отырамын, міні, жазамын деп қанша рет оқталдым. Жаза алмадым. Ақыры еш қоспасыз қалай бар, солай жазуды жөн деп шештім. Қаламымда жүйтки жөнелді сол сәт. Ешбір қалыпқа салмай, дәмдеуіштер қосып әрлемей-ақ, тіпті мынау жазып жатқаным әдеби шығарма ғой, әңгіме ғой, онда бұлай болу керек, бүйтіп жазсам әдемі болады, шарттарға сай болады демей-ақ көкейден төгілген күйі өре бергенді жөн санадым. Өйткені жүректі сақтау керек. Ал жүрек тазалығы үшін шынайы болу аса маңызды
.

#жаңаәңгіме #жаңаәңгімеденүзінді