Get Mystery Box with random crypto!

​​ ҰЭМ Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған Әлеуметтік-эко | Миннацэкономики РК

​​ ҰЭМ Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын, үш жылға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер және жалпы сипаттағы трансферттер туралы заңдарды таныстырды

ҰЭМ басшысы Ә.Қуантыровтың айтуынша, Болжам 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректері, халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулері ескеріле отырып қалыптастырылды. Сыртқы және ішкі параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған үш сценарийі әзірленді.

«Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне $85 деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Аталған сценарий бойынша 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 4%-ды құрайды. Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы – барреліне $110, АҚШ долларының бағамы – 440 теңге. Экономиканың өсуі - 4,2 % деңгейінде. Пессимистік сценарий – барреліне $60 және ЖІӨ-нің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5%-ды құрайды. Инфляция барлық сценарийлерде 2023 жылы 7,5-9,5% дәлізінде, 2024 жылы – 4-5% деңгейінде, кейіннен 2025-2027 жылдары 3-4%-ға дейін төмендейді деп белгіленді», - деп атап өтті министр.

Бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарийді пайдалану ұсынылды. Осы сценарийге сәйкес ЖІӨ-нің нақты өсуі 2023 жылы 4,0%-дан 2027 жылы 4,2 %-ға дейін жеделдейді. Номиналды ЖІӨ 120,7 трлн. теңгеден 176,6 трлн. теңгеге дейін өседі.

«2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері болжам бойынша ағымдағы жылдың нақтыланған жоспарынан 36,4%-ға өсумен 13,9 трлн. теңгені немесе ЖІӨ –ге қатысты 11,5% деңгейін құрайды», - деп толықтырды министр.

Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджет қағидасымен шектелген. Болжам бойынша олар мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтар көлемінен аспайтын болады. Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының іс-шараларын және Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруға Ұлттық қордан 2023 жылы 1 трлн. теңге және 2024 жылы 400 млрд. теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарлануда.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленген. Осылайша, заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2023 жылы барреліне $48,9, 2024-2025 жылдары барреліне $42,2-$40,3 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн. теңге, 2024 жылы 2,0 трлн. теңге, 2025 жылы 1,9 трлн. теңге көлемінде белгіленді.

«Біздің болжамдар бойынша Ұлттық қордан тартылатын қаражат пен орта мерзімді кезеңде шығыстардың өсу қарқынының жоғарғы шегін белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ә.Қуантыров.

Сондай-ақ, келесі үш жылдық кезеңге арналған субвенциялар мен алып қоюлардың көлемін бекітуді көздейтін «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Заң жобасы әзірленді.

Аталған құжат өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту және әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімді болуын теңестіру, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы трансферттер көлемін біртіндеп қысқарту жөніндегі жаңа тәсілдерді көздейді.

«Осыны ескере отырып, үш донор өңір – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Атырау облысы айқындалды. Қалған 17 өңір бойынша бюджеттік субвенциялар көлемі 2023 жылы – 4,9 трлн. теңге, 2024 жылы – 5,2 трлн. теңге, 2025 жылы – 5,7 трлн. теңгені құрады», - деп түйіндеді ҰЭМ басшысы.

t.me/presseconomy