Get Mystery Box with random crypto!

Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысы т | Миннацэкономики РК

Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысы талқыланды

Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Президенттің тапсырмаларын іске асыру шаралары туралы баяндады.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі атап өткендей, ҰЭМ инфляция деңгейін бақылау және төмендету, тарифтердің күрт көтерілуіне жол бермеу, жаңа салық-бюджет саясаты, квазимемлекеттік секторды реформалау шараларын іске асыруға белсенді қатысуда.

Инфляция деңгейін тұрақтандыру мақсатында Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асыруда.

«Құжат 67 іс-шараны іске асыруды қамтиды. 2022 жылғы 14 шілдедегі жағдай бойынша 13 жедел іс-шара орындалды, 25 шара – орындалуда, 20 орта мерзімді шара тұрақты негізде орындалуда», - деді Т.Жақсылықов

Ол Министрлік халыққа коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге 180 күнге мораторий енгізгенін еске салды. 100-ден астам табиғи монополия субъектілерінің тарифтері түзетілді, бұл халыққа 3,2 млрд. теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.

«Бүгінгі таңда мораторий аяқталды. Екінші жартыжылдықта тарифтердің ағымдағы жылғы инфляция дәлізі шегінде өзгеруі күтілуде», - деп нақтылады ол.

Жаңа салық-бюджет саясаты шеңберінде бюджетаралық қатынастарды реформалау және мерзімдері мен кезеңдерін екі есеге қысқарта отырып, бюджеттік жоспарлаудың реинжинирингі бойынша жұмыс жүргізілуде. Өңірлердің пайдасына қарай қаржы-экономикалық функцияларды орталықсыздандыру бойынша жұмыс басталды.

«Бүгінгі таңда Бюджет кодексіне түсімдердің қосымша түрлерін жергілікті деңгейге беру арқылы өңірлердің өзін өзі қамтамасыз етуін күшейту бойынша түзетулер әзірленді. Субвенциялар мен бюджеттік алымдарды есептеу кезінде жергілікті атқарушы органдардың шығыстар бойынша құзыреттері кеңейтіледі және іс-шараларды іске асыру бойынша жауапкершілігі көтеріледі. Сондай-ақ, газ жобалары бойынша фискалдық преференциялар мәселесін пысықтау тапсырылды. Осы мәселе бойынша Жақсартылған модельдік келісімшартты әзірлеу шеңберінде негізгі тәсілдер әзірленді», - деп атап өтті Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

Квазимемлекеттік сектордың рөлін қайта қарау шеңберінде мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіру және «Самұрық-Қазына» қорын реформалау бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы бағыт бойынша мемлекет қатысуының нақты өлшемі, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жаңа сыныптамасы, сондай-ақ, корпоративтік басқарудың жаңа ұйымдастырушылық нысандары мен модельдері айқындалатын болады.

«Самұрық-Қазына» қорының миссиясы жеке инвестицияларды тарта отырып, жүйе құраушы жобаларға белсенді ортақ инвестициялауға баса назар аударып, қайта қаралатын болады. Қор активтерін нарыққа шығару процестері жеделдетілетін болады. Бұл тиімділігі жоғары, жинақы және ашық квазимемлекеттік секторды қалыптастыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Т.Жақсылықов.

t.me/presseconomy