Get Mystery Box with random crypto!

Кезекті футбол маусымы өз мәресіне жетті. ⠀ Шымкенттік «Ордаба | SPORT SHYMKENT

Кезекті футбол маусымы өз мәресіне жетті.

Шымкенттік «Ордабасы» төртінші орынға шығу үшін ойналған тартысқа толы кездесуде жеңіліс тауып бесінші орынға тұрақтады, жеңіске жеткен жағдайда команда Қазақстан Кубогының қорытындысынан кейін Конференция Лигасында ойнай алар еді. Алайда бұған қарамастан, бұл маусым біз үшін өте жақсы әрі пайдалы болды. Бірінші кезекте, біздің кез келген күреске дайын, мінезді және өзіндік ойын өрнегі бар екенін айтып өткен жөн. Клуб басшылығы мен бапкерлік штабына қиын қыстау кезеңде осындай команданы жасақтағанына алғыс айтамыз. Жақсы ойыншылар қосылып, чемпионат аяқталғанша лайықты деңгейде өнер көрсете білді. Маусым барысында командадан біршама мықты ойыншылардың кеткені жасырын емес, бұл команданың алға қойған мақсатына жету жолын қиындатты, алайда клуб басшылары мен бапкерлері бұл жағдайдан лайықты түрде шықты. Сонымен қатар, жергілікті жас ойыншылар өздерін көрсетуге мүмкіндік алып, команданы жерге қаратпай, негізгі құрамнан ойып тұрып орын алар футболшыларға айналды. Әлбетте, футболдың аты футбол және әрбірі жеңіске жетуді қалайды. Бүгін «Ордабасының» қолынан бұл нәрсе келмеді, бірақ та біз келесі маусымға тыңғылықты дайындалып, команданың тұрақтылығын сақтай отырып, маусымалды жаттығуларда күшейеміз де, Қазақстан чемпионаты мен Кубогының басты жетістіктеріне қол жеткізуді көздейтін боламыз.

Ерекше алғыс сөздерді біздің жанкүйерлерімізге білдіргіміз келеді. Бұл жай ғана сөздер емес. Бұл сіздердің командаға маусым бойы көрсеткен қолдауларыңызға айтылған шынайы алғыс. Сіздердің сырт алаңдардағы қолдауларыңыз үлкен құрметке лайық. Біз сіздер үшін өнер көрсетеміз және сіздердің бізге жанкүйерлік ететіндеріңізге қуаныштымыз.
Баршаңызға үлкен рахмет!
Біз «Ордабасы»! Жаңа жеңістер үшін, Алға «Ордабасы»!