Get Mystery Box with random crypto!

Ұлттық банк ұлттық экономиканың мүддесін ойламайтынына тағы да | Азат Перуашев

Ұлттық банк ұлттық экономиканың мүддесін ойламайтынына тағы да көз жеткіздік. Базалық мөлшерлемені көтеру, оған дейінгі қымбатшылық пен теңгенің рубльге шаққандағы құлдырауы және т.б. жағымсыз жайттар жылдар бойы жиналып келген де-индустриализацияның әсері, яғни, импорттаушылар мен банктердің пайдасы үшін отандық өндірушідерді буындыру, бұл жағдайда өз тауарларымызды шығарудан шетелден алып келе салған әлдеқайда тиімдірек.
Несиелік және салықтық жүйелер де, жалпы - Үкімет пен ҰБ саясаты дәл солай құрылған. «Ақ жол» демпартиясы ұлттық экономиканың бұл күрделі ахуалына қатысты соңғы 10 жыл бойы дабыл қағып келеді. Жай дабыл қағып ғана қоймай, нақты шешімдерді де ұсынып жүр, бұл туралы осы телеграм каналында немесе партия сайтындағы біздің салық кодексі, өндіріс туралы заң, Ауыл шаруашылық және Сауда министрліктерімен арадағы пікірталастарымызды қарап көре аласыздар.
Өндірушідерді тұншықтырып, несиелер бойынша үстемелерді 15% артық көтеру арқылы инфляцияны «тежеу» - бұл жаңа өндірістердің іске қосылуына дейін-ақ кез-келген инвестицияларды құнсыздандыру. Ал, оларсыз өзіміздің тауарлар да болмайды, жиналған қаржының барлығы «артық» салмаққа ғана айналып, экономика импортқа тәуелді күйге түседі.
Бұл тұйық шеңбер, Ұлттық банк пен Үкіметтегі мырзалар. Осы шеңберді айналып жүгіре беру үшін ғана Ұлттық қор мен сыртқы қарыздан қыруар қаржы жұмсалған. Мұндай үрдіспен ертелі-кеш жүгіруден де қаласыздар, нақтылап айтсақ, алдарыңызда тұрған шынайы мақсаттардан қашып құтылар жер табылмайды. Бұл шешім емес, бұл мәселені шешуден қашу.
Пандемия басталып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемемен ойнауды қолға алғалы «Ақ жол» демпартиясы он шақты депутаттық сауал мен үндеу жасап, бұл сәтсіз тәжірибені қайта қарауды талап еткен. Реакция жоқ. Президент уәде еткен Үкіметке қатысты күзгі кадрлық ауыс-түйістерді ҰБ-ға қарата да қолданған ақылға қонымды болатын секілді.