Get Mystery Box with random crypto!

Қазақстан әлде Өзбекстан. Бізге H&M үшін барымызды салып күрес | Ongar_online

Қазақстан әлде Өзбекстан. Бізге H&M үшін барымызды салып күресу керек

Шведтің алпауыт ритейлері H&M 13 жыл жұмыс істеген Ресейден кету туралы шешімге келді. Оның Ресейдегі дүкендері киім-кешектің барлығын жеңілдікпен сатып бітеді де, толық жабылады. Компания Ресейдегі дүкендерінің жабылуынан 190 млн доллар жоғалтады.

H&M Қазақстанда да жұмыс істейді. Оның еліміздегі алғашқы дүкені 2017 жылы Алматыда ашылды. Компания стратегиясы бойынша, оның дүкендері еліміздің барлық қалаларында ашылуы тиіс. Қазір қателеспесем олар кем дегенде 5 қалада бар.

H&M биылдан бастап өзбек нарығына кіру туралы нақты қадам жасай бастады. Және оның Өзбекстанда 1-2 жылдың көлемінде пайда болатынына еш күмән жоқ.

Бұған дейін H&M өзінің аймақтық базасын Ресейде ұстап келген еді. Ресейде отырып олар бізге келді, және өзбектерге кірмек болды. Ең басты мәселе - осы база енді қайда болады?

Логикалық тұрғыдан алсақ, H&M біздің нарықпен 5 жылдан бері таныс. Президент тарапынан да, Үкімет жағынан да (Сауда және интеграция министрлігі, әкімдіктер) мұндай ірі инвесторға деген қолдау бар. Біздің салықтық заңнамамыз өте түсінікті және қолайлы.

Ал Өзбекстан өндірістік процестер, ең алдымен жеңіл өнеркәсіп/тоқыманы ұйымдастыруға өте қолайлы. Былтырдан бастап өзбек мақтасына салынған халықаралық қауымдастықтың бойкоты алынып тасталды. Демек, "Узтекстильпром" базасында жеткілікті, сарқылмайтын шикізат бар екенін ескеріп, H&M өндірісін ашуға болады.

H&M нені таңдайды? Менің ойымша, оларға әкімшілік, юрисдикциялық базаны бізде ұстап, өндірісті Ташкентте жасаған дұрыс.

Бұл ретте Қазақстан-Өзбекстан ара байланысы АҚШ-Қытай қатынасына ұқсайды. Бас кеңселер, басшылық пен патенттер АҚШ-та (Apple), ал зауыттары Қытайда.

H&M үшін күресу керек. Ол - жұмыс орны мен салық. Әрі сауда орталықтары/курьер/аренда сынды қосымша салаларды дамытып, мультипликативті эффект бере алатын, бізге пайдасы көп компания.
Авторы Айбар Олжаев