Get Mystery Box with random crypto!

ЖАЗЫҚТЫ Сен сезімді қорғай алмай қиналдың, Мен өзімді алдай а | Өмір жайлы... 🌙

ЖАЗЫҚТЫ

Сен сезімді қорғай алмай қиналдың,
Мен өзімді алдай алмай қиналдым.
Сен кінәмді жақтай алмай қиналдың,
Мен кінәмді ақтай алмай қиналдым.

Қазір бәрі... Қазір бәрі өзгерген,
Сен жалықтың жылуы жоқ сөздерден.
Мен ойладым, тым болмаса бұл ойын,
Құтқарар деп құлазыған кездерден.

Жазғым келмей жалғыздығым жайлы өлең,
Бір тағдырды тәуекелге байлап ем.
...Қаңқу сөздер күнде жесе жанымды,
Білмейм тіпті... басқа нені ойлар ем?

Алдай тұрғым келген шығар жалғанды,
(Сол жалғанға жаным қанша алданды)
Бірге өткізгім келген шығар біреумен,
Ендігі жаз айтпайтұғын таңдарды...

Бәрі де өтер, уақытқа сенем мен,
Діні қатты деп ойларсың не деген,
...Сен бақыттан жымиғанда жанымда,
Жүрегіңді ауыртпайын деген ем...

Сенгім келген шығар саған, үнемі,
Жалғыздықтың жібімеді жүрегі...
Бір көктемін күтер көңіл...
Ол көктем –
Бар ма, жоқ па, оны Құдай біледі...

Адасудың айыбы тек – Тәңірден,
Таба алмадым, құлазыған жаныма ем...
...Өлім жайлы жиі ойлаймын, әйтеуір,
Кейде осылай шаршағанда бәрінен...

Айжан Табаракқызы