Get Mystery Box with random crypto!

Омар ибн әл-Хаттабтан жеткен хадисте: “бірде яһудилерден бір к | Olzhas Hanafin

Омар ибн әл-Хаттабтан жеткен хадисте: “бірде яһудилерден бір кісі айтты: Я мүміндердің әмірі! Сендердің кітаптарыңдағы бір аят бізге түскенде біз ол күнді айт(мереке) етіп алар едік. Сонда Омар: қандай аят деп сұрайды. Яһуди: ٱلْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِى وَرَضِيتُ لَكُمُ ٱلْإِسْلَٰمَ دِينًا ۚ
“Міне, бүгін діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тамамдадым және сендер үшін дін ретінде Исламды таңдадым”, - деп айтты.
(«Мәида» сүресі, 3 аят)

Омар айтты: Расында бұл аят түскен күнді де, мекенді де білемін. Ол жұма күні Пайғамбарымыз ﷺ арапада тұрғанда түсті.” (Бухари, Муслим)

Аятқа қатысты имам әл-Бағауи айтады: “Бұл аят Пайғамбарымыздың ﷺ қоштасу қажылығында, жұма әрі арапа күні екінті намазынан кейін түсті. Пайғамбарымыз ﷺ болса ол кезде арапа тауында түйесінің үстінде отырған еді. Сол сәтте аяттың ауырлығынан түйенің аяқтары сына жаздап, шөгіп, отыра қалды.

Ибн Аббас айтты: “Сол күні 5 мереке болды: Жұма, арапа, яһудилер мен насранилер және мәжүстердің мерекесі. Миллеттердің мерекелері оған дейін де, кейін де осы секілді бір күнде болмаған еді.

Және бұл аят түскенде Омар жылады деген риуаят бар. Сонда Пайғамбар ﷺ оған: “сені не жылатты?”, - деп сұрағанда Омар: “біздің дініміз күннен күнге артып, толықтырылып келді. Енді міне, дініміз кемелдікке жетті. Ал не нәрсе өз кемеліне жетсе одан кейін ол қысқарып, нұқсан бола бастайды. Осы нәрсе мені жылатты”, - дейді. Сол кезде Пайғамбарымыз ﷺ: “дұрыс айттың”, - деді.

Бұл аят Пайғамбарымыздың ﷺ дүниеден өтетініне белгі еді. Сол күннен кейін Пайғамбарымыз саллаллаһу әләйһи уә сәлләм 81 күн өмір сүрді.”

Яғни дін кемелдікке жетті, демек Пайғамбардың да атқаратын қызметі аяқталып, Раббысына қайтатын уақыты келді. Ал Пайғамбарымыздың кетуі діннің ең алғашқы нұқсандығы. Жалпы нұқсандық діннің өзінде емес, адамдардың ұстануында болады. Хазреті Омар да соны меңзеген еді.

Міне, бүгін дәл сондай күн болып тұр. Жұма әрі арапа күні. Арапа күні Алла Тағаланың құзырында ең ұлы күн. Екі ұлы күннің қосылған уақыты. Аллаһу Акбар! Алла құлшылықтарымызды қабыл етсін