Get Mystery Box with random crypto!

ӘЙЕЛІМ... Дүбірлерде тұрақ таппай дәйегім, Жолдасқа да, құрд | Махаббат өлкесі...

ӘЙЕЛІМ...

Дүбірлерде тұрақ таппай дәйегім,
Жолдасқа да, құрдасқа да бай едім.
Сынай қарап, былай қарап ақыры,
Нағыз досты таңдап берді әйелім.

Сіңіп қалған бала кезден санамда,
Әйел — сыншы, әйел күшті ғаламда.
Білектіге бой бермейтін баяғы,
Жеңгемізден жеңіліпті ағам да.

Тауысайын дауа болған қай емін?,
Жиынқұмар, серілікке сай едім.
Үй көрмейтін түздің тарлан тағысын,
Үйкүшікке айналдырды әйелім.

Әйел — құтың, әйел сенің бақытың,
Әйел — кітап күндіз мейлі оқы түн.
Ашып-жауып өтіп жатыр қараумен,
Көп бетіне, көкбетіне уақытым.

Көріп едің көштерінен қай елдің?
Оңбайды деп бар ма айтуға дәлелің?
Ебін тауып төркініне жыл сайын,
Бастайтын да, қостайтын да әйелім.

Барлық шуақ әйелдерден тарайды,
Ес білгелі естіген сөз талайғы.
Қонақ біткен үйге келсе алдымен,
Әйелімнің қабағына қарайды.

Таңдады әйел үй, дүние, көлікті,
«Кім билікті бұған қашан беріпті?».
Күпінгенмен деп осылай көңілім,
Бірте-бірте оған-дағы көніпті.

Қалады әйел, қалағанын алыпты,
Барам десе, барар жерге барыпты.
Семірді әйел, одан кейін арыпты,
Жақпайды екен өмір оған қалыпты.

Онсыз сірә өмір сүру қиын-ды,
«Былай еткен, олай қылған тиімді»
Қосып жүріп тиынына тиынды,
Таңдап өзі алып берді киімді.

Таңдады әйел, тыңдамаған не қалды?
Жас қырықтың қақпасына тақалды.
Өстіп жүріп «Тозды ғой» деп төсегің,
Таңдап алып бермес пе екен Тоқалды?!

Айта берем қай қылығын, әлегін,
Күнде өстіп өзгертеді әлемін.
Әйел деген... Дәрісі жоқ диагноз,
Еркек біткен таба алмас әй... емін.

Авторы: Самат Нарегеев