Get Mystery Box with random crypto!

​​«Miras» кеңесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу | AMANAT партиясы

​​«Miras» кеңесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысы қаралды

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің киелі жерлерін жаңғырту, тарих және мәдени ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу мәселелері, сондай-ақ Қазақстандағы көне қолжазбалар мен сирек кітаптар жай-күйі «Nur Otan» партиясы жанындағы «𝐌𝐢𝐫𝐚𝐬» республикалық қоғамдық кеңесінің онлайн форматта өткен кезекті отырысында талқыланды.

Кеңеске Қазақстан Республикасы Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, тиісті министрліктер мен сала мамандары, зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар, Кеңес мүшелері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша негізгі баяндаманы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жасап, елімізде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша министрлік тарапынан атқарылған істерге кеңінен тоқталды.

«2021 жылы республикалық деңгейде жүргізілген жұмыстар Ботай қонысын, Берел қорғанын, Бозоқ, Бытығай, Есік, Рахат, Ақтерек, Жанкент, Қышқала қалашықтарын қамтыды. Ағымдағы жылы жүргізілген ғылыми археологиялық жұмыстардың қорытындылары бойынша Ұлттық ғылыми кеңеске ұсынылған есептер оң қорытындыларға ие болды. Ғылыми жұмыстардың барысында айқындалған тың тарихи деректер Білім және ғылым министрлігі арқылы оқулықтарға, ғылыми айналымға енгізіледі», – деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, республикалық музей-қорықтардың инфрақұрылымдарын жақсарту, тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғалуы мен сақталуына, туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 2025 жылға дейін республикалық музей-қорықтардың аумағында 8 визит-орталық салынатын болады. Сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерімен бірлесіп «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясын ілгерілету бойынша құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Номинация аясында Түркістан және Қызылорда облыстарында орналасқан Сауран, Алтын Асар, Жанкент, Сығанақ, Отырар, Яссы (Түркістан) қалашықтарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланған.

Туризмді дамытуда көліктік инфрақұрылымның болуымен қатар, тарихи-мәдени мұраны тиімді пайдаланудың да маңызы зор деп есептейді Парламент Сенатының депутаты, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп.

«Туризмді дамытуға қатысты ел Президенті Қ.Тоқаевтың жақсы бір ұсынысы ескерусіз қалды. Мәселен, Түркістанды Өзбекстандағы туристік желілермен теміржол арқылы жалғау мәселесі. Самарқан, Бұқара, Ташкент қалаларында қазір теміржол желісі өте жақсы дамыған. Осы желіні Түркістанға жалғап, тұтас бір туристік кластер кешенін жалғау туралы жақсы бастама айтқан еді. Осы жағы қаперден шығып бара жатыр. Осы ескерілсе деймін», – деді сенатор.

Жиын барысында белгілі қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тек тарихи жерлермен шектемей, оған ауқымды көзқарас тұрғысынан қарауды алға тартты. Осы бағытта кейбір мәселелердің барын да жасырмады.

Халық қалаулысы сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігінің назарын өңірлерде қасиетті жерлермен айналысатын тиісті органдардың жоқтығына аударып, бұл істі бұрынғыдай табиғатты қорғау инспекциясына жүктеп, оны министрлікке қайта бағындырған жөн, сондай-ақ қасиетті, киелі жерлерге инвентаризация жасау қажет деген ұсынысын ортаға салды.

Тревел-блогер, азаматтық журналист Кеңес мүшесі Яков Федоров та Берік Әбдіғалиұлының ұсынысын қолдап, ең алдымен тарихи маңызы зор киелі жерлерге инвентаризация жүргізу қажеттігін айтты.

Басқосуды «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан қорытындылап, жиында айтылған ұсыныстар мен пікірлерді уәкілетті органның назарға алуын ұсынды.

Толығырақ: 𝙣𝙪𝙧𝙤𝙩𝙖𝙣.𝙠𝙯

@nurotanchannel