Get Mystery Box with random crypto!

Мына постты шетелде тұрған адам түсінеді. Ұзақ уақыт жырақта ж | Narikbi LIVE

Мына постты шетелде тұрған адам түсінеді. Ұзақ уақыт жырақта жүргенде қазаққа ұқсайтын адамды көрген сайын ішіңнен "осы кісі қазақ секілді.." деп тұрады екенсің.

Солай ойланып тұрған кезіңде қарама қарсы кісі сізге тура солай қарап тұрса, ол да қазақ болғаны. Бірақ, барлық кезде емес. Кейде қырғыз бауырлар да болып шығады.

Жақында жұбайыммен Амстердамдағы техника дүкенінде тұрғанда бір кісіге көзім түсті. Қазақ-ау деп тұрмын, бірақ еш түр көрсетпедім. Солай тұрғанда ол кісі өзі келіп, жымиып: қазақсыңдар ма? - деді. Қазақ екенімізді білгенде: "Эй мен де қазақпын ғой. Міне таныс, жұбайым мен балаларым тұр" - деп ар жағында тұрған отбасысына көрсетті.

Алайда, сөйлеу ырғағын мен сөз саптауына мән бергенде, бізден өзгеше екенін байқадым. Сөйтсем, бұл Түркия қазақтары екен. Нидерландыда көптен бері тұрады. Ағаның есімі Аднан, 42 жаста екен.

Қызығы, Аднан аға әлі бірде бір рет Қазақстанда болмаған екен. Қазақ тілін тек әжем үйреткеннен соң білемін, бірақ ұмытып барамын дейді. Көбіне түрікше сөйлейді. Балалары да қазақша білмейді. Алайда, үйренгісі келеді.

Арамызда сондай жылу диалог болды. Ағаның қуанып тұрғаны білініп тұрды. Бір бірімізбен инстаграм, whatsapp алмасып, қонаққа да шақырып үлгердік.

Жалпы, шетелде біз көрмейтін осындай қазақ диаспоралары өте көп. Кезінде Қанат Бейсекей досым осы туралы көп деректі фильмдер түсіретін еді. Бұл адамдардың көбі тілін, тарихын ұмыта бастаса да, қазақ екенін ұмытпайды.

Наурыз секілді мерекелерімізде бас қосуға да болады. Қазақ тілі курстарын ұйымдастыруға да болады. Идея көп.

Айтпағым, бір біріміздің бауыр екенімізді елде емес, көбіне жырақта жүргенде түсінесің. Әр қазағым - жалғызым деп бекер айтпаған шығар..