Get Mystery Box with random crypto!

Ойхой, қазақ даласы! He көрмедің?! Қанша қурап, қаншама көгерм | Мұқағали

Ойхой, қазақ даласы!
He көрмедің?!
Қанша қурап, қаншама көгермедің?!
Қорқыттың қобызымен боздаттың ғой,
Асанның шерге оранған өлеңдерін.
Ойхой, қазақ даласы!
He көрмедің?!

Қорқыт, Асан тіріліп, қайта келсе,
Сенің мына кейпіңе сенер ме еді?
Мына бақты көргендер төбеңдегі
Қуанғаннан көз жасын төгер ме еді?
Қуаныштан кеудесі қарс айрылып,
Кім біледі, қайтадан өлер ме еді?!
Ойхой, қазақ даласы,
Не көрмедің?!

Өткеніңе үңіліп отыра алман,
(Біздің қазақ өлмеген, оты жанған...)
Еміс-еміс естимін сараң хабар,
Тірідейін көмілген Отырардан.

Айта жатар басқалар өткенімді,
Қан мен жасты қайтіп мен төккенімді,
Жаңа дәуір алдында,жөн көремін,
Азаматтық борышты өткеруді.