Get Mystery Box with random crypto!

​​ РАЙАН МЕШІТІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ? ⠀ Соңғы жылдары ұл бала өмі | Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

​​ РАЙАН МЕШІТІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Соңғы жылдары ұл бала өмірге келсе, Райан, қыз бала дүниеге келсе, Раяна деп ат қою сәнге айналды. Бұған себеп Сәһл ибн Сағдтан (р.а) имам Бұхари имам Мүслім жеткізген ораза ұстаушылар ғана кіретін жәннаттағы «Райан» есігі жайлы хадис десек, қателеспейміз.

Жақында ғана мешіттеріміздің арасында Рамазанға қатысты атау берілген құлшылық үйлері бар ма екен деген ой келді. Өйткені елімізде жаңадан салынған мешіттерді көбіне Рамазан айында немесе айт мерекелерінде ашу игі дәстүрге айналған. Сөйтіп үш мыңға жуық мешіттің ішінен «Райан» атауы берілген Алла үйі көзге ілінді. Ол мешіт Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында орналасқан.

«1994 жылы мешіттің орнында болған ескі үй жергілікті тұрғындардың қаражатына сатылып алынса, жамағат жиырма жылдан астам уақыт намазхана ретінде пайдаланып келді. 2016 жылы ақсақалдар мен жастар ақылдаса келе, ескі үйді бұзып, жаңадан мешіт салу жөнінде бір тоқтамға келді. Құрылысқа Колесникова көшесінің интернационал тұрғындары түгел атсалысты, қаржылай да көмектесті. «Біздің көшемізден де азан дауысы естілсінші» деп қарияларымыз зейнетақысынан жырып, жаңа мешіттің құрылысына демеушілік жасады. Қазақ, түріктерден бөлек, орыстар мен немістер ұлты өз алдына, діні бөлек болса да, Алла үйінің іргетасын да, кірпішін де қалап, бой көтеруіне көмектесті. Ынтымақ, бірліктің, татулықтың арқасында бір жыл ішінде сауапты іс жүзеге асты.

2017 жылы Алматы аймағы өкілдігінің бас имамы Қуаныш Наржанов мешіттің ашылуына арнайы қатысып, оған «Райан» атауын берді. Райан деген – хадистерден белгілі болған ораза ұстаушылар ғана кіретін жәннаттың бір есігі. Өңір имамы Қуаныш Наржанов та, Еңбекшіқазақ ауданының бас имамы Сапархан Төреқұлов та мешіт құжаттарын тіркеуге көп көмектесті. Оларға Алла разы болсын!» дейді мешіт имамы Балқия Анварұлы.

Шағын ғана құлшылық үйінде бір мезетте 175 адам намаз оқи алады. Ғимараттың биіктігі – 5 метр, ұзындығы – 16 метр, ені – 12 метр. Мұнарасының биіктігі – 16 метр. Бүгінде Есік қаласында жұмыс істеп тұрған 4 мешіттің ішіндегі «ең жасы» да осы – «Райан» мешіті.

Жұма мүбәрак болсын!

@muftyat_kz
#қазақстанмешіттері