Get Mystery Box with random crypto!

1-ақпан халықаралық орамал күні. Мерекеміз құтты болсын, қызда | Marfuga Shapian

1-ақпан халықаралық орамал күні. Мерекеміз құтты болсын, қыздар!

Менің орамалға келуім намазға қарағанда ұзақтау болды. Алайда Аллаға шүкір, орамал таққаннан кейінгі жүрегімдегі тыныштықты, өзім сезінген жайлылықты айтып жеткізе алмаймын. Басымда орамалым барда өзімді өте-өте жақсы сезінемін. Бірақ орамалдың жайлылығымен қатар, мына дүниедегі, қоғамдағы сынағы да бар.

Жазда бірнеше қабат оранып жүру оңай емес. Ыстықтамайды емес, ыстықтайсың. «Қазақ әйелдері бұлай жүрмеген» деп, әр оңтайлы сәтте түйреп өтетін сөздерді есту де оңай емес. Жүрегің тас емес қой, ауырады. Әуежайда еліңнен әр шыққан, кірген сайын, сұрақ-жауаптың астына алып, түрлі қағаздар толтыртып, орамалыңның астын тексерту қайбір оңай дейсің?! Өз еліңнің заңы болған соң оған да көнесің. Орамалыңды желеу етіп жұмысқа алмағанда, сені өткен ғасырдың адамы көріп, төбеңнен қарағанда, оңай деймісің?! Ол кезде де оңай емес.

Алайда, бұл жолды, бұл ауыртпалықты өзім таңдадым ғой. Бұл – мен үшін ақиқат жолы, ар жолы. Ал мұндай қиындықтар иманымды шыңдай түседі. Орамалым үшін сөз естігенде, намысым тапталғанда, қоғамға сыймаған кезде Раббымды, Оның әділдігін ойлаймын. Ойлаймын да, сансыз сауабынан үміт етемін. Тіпті орамалымның есебінен жаздың самал желі мойнымды өппесе де, Алла тағала біздерге қандай сый әзірледі екен деген ой жанымды жылытады.

Орамалымды жақсы көремін. Ол – менің сүйікті Раббымның бұйрығы. Ал Оның бұйрығын орындау – мен үшін сүйкімді нәрсе, маған қуаныш сыйлайтын дүние.

Қымбатты әпке-сіңлілерім! Сіздердің араларыңызда да орамалымен сыналып, түрлі қиындық көріп жүрген жандардың көп екенін білемін. Қандай ауыр сынақтарды бастарыңыздан өткерсеңіздер де Алла тағаланың барлығыңызды көріп тұрғанын ұмытпаңыздаршы. Және жай көріп тұрған жоқ, бұйыртса ниеттеріңізге сай сыйы да әзір.