Get Mystery Box with random crypto!

КІТАП САТУДЫҢ ФИҚҺИ ҮКІМДЕРІ Кітап саудасы екі түрлі жолмен ж | 📚 MAKTUBAT - ДІНИ КІТАПХАНА

КІТАП САТУДЫҢ ФИҚҺИ ҮКІМДЕРІ

Кітап саудасы екі түрлі жолмен жүзеге асады :

1. Кітаптың өзін сату
2. Кітаптың авторлық құқығын сату


Егер автор өз еңбегінің құқығын сатуды қаламай, кітапты басып шығарып сатқысы келсе, кітапты сатып алған адамға «мына кітапты біреуге сатпа, сыйлыққа берме, тек өзің оқы», деп шарт қойған жағдайда, бұл сауда – «фәсид» жарамсыз саудаға айналады. Бұл жағдайда әлгі шартты алғанда ғана дұрыс сауда болады. Себебі, қағида бойынша, «сауда келісімі қажет етпейтін шарт, сауданың бұзылуына алып барады». (әл бдәәиъ сәнәәиъ 4/195, әл-һидая 3/48)

Сауда келісімі заттың сатып алушының мүлкіне өтуін және қарымта ретінде беріліп жатқан қаражаттың сатушының мүлкіне кіруін ғана қабыл етеді. Осы екі нәрсенің жүзеге асуына кедергі болатын барлық шарт – сауданы жарамсыз етеді. Сатып алушы адам ол кітапты сатуына, біреуге сыйлыққа беруіне шариғат рұқсат етеді. Бірақ, кітаптың көшірмесін жасап сатуына болмайды. Себебі, сатушы ол адамға тек кітаптың өзін сатқан. Авторлық құқықты емес.

Кейде автор кітапты шығару жұмысына басын қатырғысы келмей, кітаптың авторлық құқығын екінші бір адамға сатуы мүмкін. Сондай-ақ, кітап құнды болса, саудагерлер автормен келісім шарт жасасып, авторлық құқықты сатып алуы мүмкін. Немесе авторлық құқықты сатып алмай, «кітапты тек екінші тарап басып сатуға құқылы» деген тармақтан тұратын келісіммен автордан кітапты алуы мүмкін. Нәтижесінде келісімге қарай, автор өзінің еңбек ақысын алған соң, кітапты басып шығаруына, біреуге сатуына болмайды! Себебі автор бұл жағдайда өзінің авторлық құқығын сатып тұр. (қадая фиқия муаъасира ли тақи усмани 118 бет)

Кітапты сатудың келесі бір түрі – кітаптың баспа түрін емес, pdf нұсқасын сату. Ең алдымен бұл түрдегі кітап жоғарыдағы екі көріністің қайсысына жатады, соны анықтап ал керек. Pdf күйінде тұрған еңбек, баспадан шыққан кітап секілді ме, әлде авторлық құқықты сатуға жатады ма? Егер баспа түрдегі кітап дейтін болсақ, оны сатқан кезде артықша шарттар қоюына болмайды. Себебі, кітап сатып алушының мүлкіне өткен. Сатып алушы оны сатуына және екінші бір адамға беруіне болады. Екінші бір адамға сатса немесе сыйлыққа берсе, сол нұсқаны ғана беру керек. Оны көбейтіп немесе, баспадан шығарып сатуына болмайды. Өйткені сатып алушы авторлық құқыққа ие емес.

Егер pdf кітапты авторлық құқыққа қиястар болсақ, автор өз құқығын сатқан соң, сатып алушы кітаппен не жасаса да өз еркі. Оны көбейтіп сатуына, тіпті керек болса, тегін таратып жіберуіне де болады. Бұл жағдайға автор араласа алмайды. Pdf кітаптарды сату - авторлық құқықты емес, кітаптың өзін сату саудасына жақынрақ. Бірақ қазіргі таңда осындай кітапты сатушылар, өз еңбегін сатып жатқан кезде жоғарыдағы екі көріністегі саудадан айналып өтіп жатқанын байқаймыз. Кітапты сатады, бірақ ешкімге беруге болмайтындығын шарт етеді. Бұл – шариғатқа қайшы!

Бұл заманауи мәселе болғандықтан қазіргі таңдағы ханафи ғалымдары мәселеге осылай жауап берген. Атап айтар болсақ, Шейх Абдусалам Шаннар, Доктор Салах Абулхадж, Шейх Луай Халили және мүфти Тақи Усмани авторлық құқыққа қатысты 40 беттен тұратын өз ізденісін жазып, жоғарыдағы екі көріністегі сауда түрін ашықтап түсіндірген. Егер автор кітапты таратуға болмайды деп шарт қойса, оны адамгершілік тұрғысынан деп түсініңіз.

Алла Тағала кәсібіміздің адал болуын нәсіп етсін! Жаббар иеміз нәпсімізбен емес, шариғат сызығымен амал етуімізді нәсіп етсін!

Данияр Кенжеұлы