Get Mystery Box with random crypto!

ХАНАФИ МАЗХАБЫНДАҒЫ КЕЙБІР КІТАПТАРДЫҢ АТАУЛАРЫ «Әл-Асл» ال | 📚 MAKTUBAT - ДІНИ КІТАПХАНА

ХАНАФИ МАЗХАБЫНДАҒЫ КЕЙБІР КІТАПТАРДЫҢ АТАУЛАРЫ

«Әл-Асл» الأصل (негіз, түпнұсқа)

Ханафи мазхабында «әл-Асл» деп Мухаммад ибн әл-Хасан әш-Шайбанидің (х. 189 ж. қ.б.) «əл-Мабсут» кітабын атайды. Ибн Абидин (х. 1252 ж. қ.б.) «Расм уқуд әл-Муфти» жырында:
««Әл-Мабсут» бесеуінен бұрын жазылған, Сол себептен «әл-Асл» деп танылған», - деген.

«Әл-Усул» الأصول (негіздер)

Ханафи мазхабында «әл-Усул» деп «Захир әр-Риуая» деген атпен белгілі имам Мухаммад ибн әл-Хасан әш-Шайбанидің (х. 189 ж. қ.б.) кітаптары меңзеледі. Ибн Абидин (х. 1252 ж. қ.б.) «Расм уқуд әл-Муфти» жырында:
««Захир әр-Риуая» кітаптары алтау боп жеткен жəне олар «әл-Усул» деп аталып кеткен», - деген.
Кейде осы кітаптардағы мәселелерді де «әл-Усул» деп атайды.

«Әл-Китаб» الكتاب (кітап)

Ханафилер «әл-Китаб» десе, ханафи мазхабындағы әйгілі фиқх мәтіні «Мухтасар әл-Қудури» меңзеледі. Сондықтан да әл-Майдани (х. 1298 ж. қ.б.) оған жазған түсіндірмесін «əл-Лубаб фи шарх әл-Китаб» деп атаған.

«Кутуб захир әр-Риуая» كتب ظاهر الرواية (тізбегі күшті кітаптары)

Ханафи мазхабында «Кутуб захир әр-Риуая» деп сахих, мутауатир жолмен жеткен имам Мухаммад ибн әл-Хасан әш-Шайбанидің (х. 189 ж. қ.б.) кітаптарын атайды.

«Әл-Мабсут» المبسوط (кең, жазық)

Ханафи мазхабында «әл-Мабсут» деп аталатын бірнеше кітап бар. Егер жай ғана «әл-Мабут» десе, х. 490 ж. қ.б. Шамс әл-Аимма әс-Сарахсидің «әл-Мабсут» кітабы меңзеледі.

«Әл-Мутун әл-Арбаға» المتون الأربعة (төрт мәтін)

Ханафилер «әл-Мутун әл-Арбаға» деп ханафи мазхабындағы төмендегі маңызды төрт мәтінді атайды:

1) әл-Қудуридің (х. 428 ж. қ.б.) «Мухтасар әл-Қудури» кітабы
2) әл-Махбубидің (х. 673 ж. қ.б.) «Уиқая әр-Риуая» кітабы
3) ән-Насафидің (х. 710 ж. қ.б.) «Канз әд-Дақайқ» кітабы
4) әл-Маусилидің (х. 673 ж. қ.б.) «әл-Мухтар» немесе Ибн әс-Сағатидің (х. 694 ж. қ.б.) «Мажмағ әл-Бахрайн» кітабы.

«Әл-Мутун ә-Саласа» المتون الثلاثة (үш мәтін)

Ханафилер «әл-Мутун әс-Саласа» деп жоғарыдағы төрт мәтіннің алғашқы үшеуін атайды.

«Әл-Мухит» المحيط (мұхит)

Ханафи мазхабында «әл-Мухит» деп аталатын бірнеше кітап бар. Егер жай ғана «әл-Мухит» десе, Бурхануддин әл-Бухаридің (х. 616 ж. қ.б.) «әл-Мухит әл-Бурхани» кітабы меңзеледі. Радиуддин әс-Сарахсидің (х. 490 ж. қ.б.) «әл-Мухит» кітабының үлкен нұсқасы меңзеледі деген де көзқарас бар.

Кейде екеуін ажырату үшін біріншісін «әл-Мухит әл-Бурхани», екіншісін «әл-Мухит әс-Сарахси» немесе «әл-Мухит әр-Радауи» деп те атайды.

Дастан Құрманбаев ұстаздың парақшасынан

@maktubatkz