Get Mystery Box with random crypto!

ҰЛТ АҒАРТУШЫСЫНА 180 ЖЫЛ! Бүгін қазақ даласына ағартушылық і | 📚 MAKTUBAT - ДІНИ КІТАПХАНА

ҰЛТ АҒАРТУШЫСЫНА 180 ЖЫЛ!

Бүгін қазақ даласына ағартушылық ілімнің дәнін егіп, болашақ буынға “Кел, балалар, оқылық” деп үндеу тастаған Ыбырай Алтынсариннің туған күні.

Тарихи деректерде Алтынсарин атамыз туған күні кеңестік күнтізбедегі өзгеріске сай әртүрлі көрсетілген.

Азан шақырып қойған есімі - Ибраһим.

Ыбырай Алтынсарин – қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, қоғам қайраткері, қазақ ұлттық ағартушылық мектебінің негізін қалаушы.

Сонымен қатар, Ы. Алтынсаринды қазақтың дәстүрлі дін ғалымы деп айтуға да болады. Ол ағартушылық жұмыстарында ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтауда дәстүрлі ислам діні тағлымдарын ұтымды пайдаланды. Ағартушылық бағытында оқулық жазуға кіріскен Ыбырайдың 1879 жылы қазақ мектептеріне арналып жазылған алғашқы ұлттық оқулық – «Қазақ хрестоматиясы» жарық көрсе, артынша 1884 жылы Қазан қаласында араб әрпімен екінші оқулық кітабы – «Шараит-ул-ислам»(«Ислам шарттары» немесе «Мұсылмандық шарттары») атты еңбегі жарыққа шықты.

«Шараит-ул-ислам» еңбегінің жазылу себебі жайлы Ы. Алтынсарин былай дейді: «... біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алуына жол бермеу үшін мен соңғы кезде... осы оқу құралын құрастыруға кірістім».

Кітап құрылымы ислам ғылымдарындағы дәстүрлі бағыттан айнымай, классикалық шариғи кітаптар стилінде жазылған. Бұл жайлы автордың өзі : «...бұл кітапты үш бапқа немесе бөлімге бөлдік. Әуелгісі – иман мәнісін айтатын баб, екенші – сыртқарыға, әркімнің көзіне көрінетін амалдарының турасында, мұны арабша «ғамал аз-заһир» деп атайды, үшіншісі – көңілдегі жақсылық-жамандық ниеттер турасындағы баб, мұны арабша «ахлақ» деп атайды», - дейді.

Сонымен бірге, «Бұл кітап ішіндегі бұйрықтар қайсысы аят-хадистен, қайсысы шаһар Петербургте имам жамиғ (мешіт имамы) мулла Ғатаулла ибн Баязид есімді молланың әр кітаптардан жинап шығарған «Ислам» деген кітабынан һәм мұнан ғайри (басқа) зор иғтибарлы (маңызды, классикалық) кітаптардан қаралып, неше-неше рет саналып, теңдестіріліп жазылды. Оқығандар хайр дұғаларынан қалдырмағай еді», - деп Ы. Алтынсарин өз еңбегіне үлгі болған кітапты атап, басқа да көптеген кітаптарға жүгінгеніндігін айтады.

«Шараит-ул-ислам» 1884 жылы араб әрпімен басылғаннан кейін, тәуелсіздік алған соң 1991 жылы А. Сейдімбековтың жетекшілігімен, кирилл әліпбиіне аударылып, түсініктемелері беріліп Алматы қаласында «Мұсылмандық тұтқасы» атауымен басылса, бертін келе, 2014 жылы Ж. Артықбаевтың редакторлығымен Ақтөбе қаласында басылған.

Әзірлеген: @mihrab_kz