Get Mystery Box with random crypto!

ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша 2022 | КИСИ inform

ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша

2022 жылы Қазақстан экономикасы жыл басында өсу үрдісін көрсетсе, жылдың соңына қарай біртіндеп құлдырауын көрсетті. Жалпы алғанда, жылдың аяғы бұған дейінгі ЖІӨ-нің шамамен 3% өсу қарқынымен аяқталады деп болжауға болады. Мәселен, бірінші тоқсанда экономикалық өсім 4,4% құраса, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша – 3,3%, ал ағымдағы 11 айда 2,7% құрады.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, экономика өсімінің баяулауы мұнай мен пайдалы қазбалар өндірісінің төмендеуімен байланысты. Бұдан бөлек инфляция салдары да әсер етті, ресми деректер бойынша оның 20%-ға жеткені белгілі. Бағаның шамалы өсуінің өзі де экономикалық динамикаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Бағаның өсуінің салдары өндіріс көлемінің қысқаруына, қаржы ресурстарының құнсыздануына, инвестициялық процестердің баяулауына және т.б. әкеліп соқтырады. Елдегі инфляция деңгейінің қарқыны төмендегенімен әлі де өсуін тоқтатпады. Осылайша биыл инфляциямен күрес үкіметтің атқара алмаған негізгі міндеттерінің бірі болып қалғанын атап өтуге болады. Сондықтан ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың Үкіметке айтқан барлық сын-пікірлері орынды деп айтуға болады.

Сондай-ақ Энергетика министрлігіне қатысты айтылған сын да орынды. Жылу беру және энергиямен қамтамасыз етудегі қалыптасқан жағдай қадағалаушы орган тарапынан саладағы мәселелердің ауқымын бақылау және хабардар болудың жоқтығын айқындап берді. Екінші жағынан, бұл орталық және жергілікті деңгейдегі менеджменттің проблемаларын да көрсетеді, себебі жылу беру маусымына дайындық алдын ала біршама уақыт бұрын басталады. Бірақ, түптеп келгенде, мұның бәрі мемлекеттік деңгейдегі басқарудың жүйелі проблемасына айналады.

Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасының бірі мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы функцияларды орталықсыздандыру болды. Мысалы, салалық мәселелер бойынша бақылау мен жүзеге асыруды үкіметтік деңгейден орталық мемлекеттік органдар деңгейіне беру керек. Бір жағынан, бұл орталық мемлекеттік органдардың жауапкершілік деңгейін арттыруы керек, бірақ екінші жағынан, ауқымды мәселелерді шешу жергілікті қаржылық ресурстарға байланысты. Дегенмен орталықсыздандыру процесі осы мәселелерді де шешуге көмектесетін тетіктерді іске қосуы керек.

Әсел Әбен, ҚСЗИ-дың Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы