Get Mystery Box with random crypto!

Ғашық жүрек Сансыз жолдан сапар күттім, асықтым, Күнін кешіп | #жұқпалы_ой

Ғашық жүрек

Сансыз жолдан сапар күттім, асықтым,
Күнін кешіп көргенім жоқ жасықтың.
Жолдарымда жолығысқан адамдар,
Мен сендердің бəріңе де ғашықпын.

Үрледіңдер махаббатым сөнгенде,
Жел бердіңдер алып шығып серуенге,
Еңбегіңнің есесіне, адамдар,
Гүл ұсынам, жыр ұсынам сендерге.

Ойнап, күлем, тауға шығам, гүл кешем,
Жыр төгілер көмейімнен үндесем,
Жылататын, жұбататын өздерің,
Өздеріңмен бірге құлап, бірге өсем.

Бақытты елім, арман елім, жыр елім,
Сендер менің таянышым, тірегім,
Мен сендердің көптігіңе қуанып,
Жалғыз қалсам ауырады жүрегім.

Қиналғанда қолғабыс та еттіңдер,
Аға болып, жеңге болып жеттіңдер,
Ағайын боп, бауыр болып жұбатып,
Жігіт болып жылатып та кеттіңдер.

Араңызда жоқ мен үшін өзге адам,
Өзгелердің баласы да өз балам.
Ай сияқты, күн сияқты көктегі
Мен сендердің орбитаңда қозғалам.

Сендер барда ештеңем жоқ алаңдар,
Сендер барда бар қиынға шарам бар.
Еріп жүріп, сеніп жүріп сендерге,
Артық кетсем, кешіріңдер, адамдар!

Ақшагүл Рамазанова