Get Mystery Box with random crypto!

Атырауда жыл спортшысы анықталды Нұрлан Балғымбаев атындағы д | JańalyqKz

Атырауда жыл спортшысы анықталды

Нұрлан Балғымбаев атындағы даму және коммуникация орталығында «Sports awards - 2022» салтанатты іс-шарасы өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Тәуелсіздік жылдары елімізде халық денсаулығына, дене шынықтыру мен спорт саласының дамуына, салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
– Тәуелсіз мемлекетіміздің имиджін көтеруде спорт жүйріктерінің ролі басым болды. Байрақты бәсекелерде ел қоржынына жүлде салғандардың қатарында Атыраулық спортшылардың да елеулі үлесі бар.
2022 жылы Атырау облысы ауқымды жұмыстар атқарды. Кәсіби спортшылар мен бұқаралық спорт түрлерін насихаттау мақсатында толымды істер жүзеге асты. Ел ертеңі жасөспірім бүлдіршіндерінің лайықты тәрбиесімен өлшенеді. Қарагөз келешегіміздің салауатты өмір салтын ұстанып, биіктерге ұмтылуына спорттық тәрбиенің берер жемісі мол, – деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Орақұлы.
Салтанатты іс-шарада облыстың спорт ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Артынан өшпестей із қалдырған спорт ардагерлері бокстан Махамбет ауданының жаттықтырушысы Жылқайдар Сұлтанов пен спорт саңлағы, бокстан Кеңестер Одағының 5 дүркін чемпионы, Атырау облысының құрметті азаматы Болат Теміровті еске алды.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары спортшыларды марапаттап, жыл қорытындысы бойынша жетістікке жеткен спортшыларға номинацияларды табыстады. Олардың қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі,«Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт Министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, мерекелік медалдері мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталып, түрлі аталымдар бойынша үздіктер анықталды.

Сондай-ақ, Жасұлан Бисембиев «Жыл спортшысы» номинациясының арнайы кубогын табыс етті. Бұл бойынша Олимпиадалық спорт түрлерінен «Жыл спортшысы» атанған спортшымыз Абиба Абужақынова «Жыл спортшысы» атанды.
Сонымен қатар, іс-шарада «Жыл параспортшысы», «Олимпиадалық емес спорт түрлерінен «Жыл спортшысы», «Жыл параспортшысы»,  «Үздік спорт ардагері», «Үздік федерация», «Үздік спорттық аудан», «Ұлттық спорт түрлерінен Жыл спортшысы», «Жыл серпілісі», «Жыл жобасы», «Спорт жанашыры», «Үздік жас спортшы», «Үздік команда», «Үздік жасөспірім спортшы», «Үздік облыс құрама командасы», «Үздік нәтижелі спорт түрі», «Жыл жаттықтырушысы» аталымдары бойынша үздіктер анықталды.
Сонымен қатар, іс-шарада облыс спортының жетістіктері туралы бейнебаян көрсетіліп, концерттік бағдарлама келушілер назарына ұсынылды.

Ақпарат: https://t.me/JanalyqKz/817