Get Mystery Box with random crypto!

100% қазақша мотивация Жақсы бала болу үшін әке-шешеңді, ат | Жалған дүние...

100% қазақша мотивация

Жақсы бала болу үшін әке-шешеңді, ата тегіңді ұятқа қалдырмауың керек. Жемқор болу, қылмыскер болу - сүйекке таңба. Яғни, сол руға масқара.

Жақсы қыз болу үшін уақытында жақсы келін атануың керек. Кешіктірсең, қызымыз деп саған қарап отырған қырық үйге салмақ. Сосын, тұрмысқа шыққан соң, шешесі не үйреткен деп айтқызбау - басты міндет.

Нағашы болсаң, жиендеріңе көрімдік деп, байғазы деп, сүйінші деп, әйтеуір амалын тауып қуантып, бірнәрсе беріп отыруың керек. Сонда нағыз нағашы боласың.

Жігіт болған соң, ағайынның алдындағы міндетің бар. Сол әулеттің мүшесі ретінде не аға-інілеріңе бас боласың, не бас болуға жараған бір бауырыңа сүйеу боласың.

Күйеу бала ретінде қайын жұртыңмен сыпайы қарым-қатынас жасау міндет. Барғанда қыздарының жүзі сынық боп, көңілі құлазып бармаса, оларға содан асқан бақыт жоқ. Шамаң келсе, әрине, әйеліңнің қолымен о жаққа да сүйінші, көрімдіктерін беріп тұрған абзал.

Алаштың азаматы ретінде қолыңнан келгенше елге қызмет етуің керек. Ең аз дегенде отбасыңа ие болып, табиғатты аялап, үкіметтің меншігін үнемдеп, күтіп ұстап, жұмысыңды дұрыс істеп, ізденіп, өз-өзіңді дамытып, балаларыңа дұрыс тәрбие берсең, ол да үлкен қызмет болады.

Жақсы әке болам десең, ұлың ер жеткенде ең жақсы деген қызға үйлене алатындай, қызың бой жеткенде ең жақсы жігіттің әкесі келіп құда түсе алатындай адам болуың керек. Оңай ма?

Бажа, бөле, нағашы, құрдас, көрші, құда алдындағы міндеттер бар. Ең бастысы, Жаратушы алдындағы міндет. Бір Аллаға құл болу.

Осылай өмір сүрген қазақ не деген бақытты, ә?

Авторы: Арман Әлменбет

@jalgan_dunie