Get Mystery Box with random crypto!

​​Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы өткен д | IWEP.KZ(ИМЭП/ӘЭСИ)

​​Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы өткен дауыс берудің қорытындысын шығарды.

ҚР ОСК ресми сайтында хабарланғандай, референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 11 миллион 734 мың 642 адамды құрады.

2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша бүкілхалықтық дауыс беруге 7 млн.985 мың 769 адам немесе референдумға қатысу құқығы бар азаматтар санының 68,05%-ы қатысты.

Осылайша, «республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабына сәйкес референдум өткізілді деп есептеледі.

Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы оң дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

Елдің барлық аймақтарында дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18 пайызы немесе 6 миллион 163 мың 516 адам конституциялық түзетулерге дауыс берді. Бұл 17 аймақтың әрқайсысында абсолютті көпшілікті құрады.

Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың саны 18,66 пайызды немесе дауыс беруге қатысқандардың 1 миллион 490 мың 470 адамын құрады.

Осылайша, «республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31, 34-баптары негізінде елдің Негізгі Заңына ұсынылған өзгерістер қабылданды деп есептеледі.

Референдумда қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы «Казахстанская правда» газетінде жарияланды: https://kazpravda.kz/n/zakon-rk-o-vnesenii-izmeneniy-i-dopolneniy-v-konstitutsiyu-respubliki-kazahstan/