Get Mystery Box with random crypto!

АУЫЗАШАР ӘДЕПТЕРІ ⠀ Ауызашар – бұл ораза ұстаушының оразасы то | Хиджабтағы Ару🌺

АУЫЗАШАР ӘДЕПТЕРІ

Ауызашар – бұл ораза ұстаушының оразасы тоқтатылатын күн батқан мезгіл немесе мұны қарапайым тілмен ақшам намазына азан шақырылған кез деп түсіндіруге болады. Омар ибн әл-Хаттабтан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «... күн батқан кезде ораза ұстаушылардың оразасы тоқтатылады», - деген. (Бұхари, Муслим)

АУЫЗДЫ НЕМЕН АШУ КЕРЕК?

Сүннет бойынша ауызды құрмамен немесе сумен ашқан абзал. Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерден біреу ауыз ашатын болса, құрмамен ашсын, ал егер құрма болмаса, онда су ішсін, өйткені, расында, ол тазартады», - деген (Әбу Дәуд, Тирмизи, Ибн Мәжаһ)

АЛДЫМЕН АҚШАМ НАМАЗЫН ОҚИМЫЗ БА, ӘЛДЕ АУЫЗ АШАМЫЗ БА?

Ауызды намаз оқудан бұрын ашу керек. Бұл туралы сахаба Әнас ибн Мәлик (р.а) былай деген: «Мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза кезінде сумен болса да ауызын ашпастан бұрын ақшам намазын оқығанын ешқашан көрген емеспін» (Әбу Яғлә, Ибн Хузайма)

АУЫЗ АШАР АЛДЫНДА ДҰҒА ЖАСАУ КЕРЕК ҚОЙ?!

Иә, көп адам ауыз ашар алдында тілек тілеуді ұмытып жатады. Ал шын мәнінде, ауыз ашар алдында жасалған дұға мен Алланың арасында перде болмайды. Сондықтан адам бұл мүмкіндікті пайдаланып, Алладан бар керегін сұрап қалуға тырысуы керек. Бұл туралы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, ораза ұстаушының ауызашар алдында жасаған дұғасы қайтарылмайды», - деген. (Ибн Мәжаһ, әл-Хаким)

АУЫЗ АШҚАН СОҢ ШЕ, ОДАН КЕЙІН ОҚЫЛАТЫН ДҰҒА БАР МА?

Иә, бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ауызын ашқан соң: «Шөл басылды, тамырлар нәрге толды, Алла қаласа, сауап та бізді күтіп тұр», - деп айтатын. (Әбу Дәуд, Бәйһақи)
Оқылуы: Зәһаба ззома-у уәбталләтил-‘уруқ, уә сәбәтәл-әжру иншә-Алла.
ذهب الظمأ وابتلت العروق وثبت الاجر إن شاء الله

УАҚЫТЫ КІРГЕНДЕ АУЫЗ АШУҒА АСЫҒУ КЕРЕК ПЕ?

Иә, ораза ұстаушы адам ауыз ашар уақыты кірсе де, оразасын бұзуға асықпай, уақыт өткізіп жүре беруіне болмайды. Себебі, "ауыз ашуды кешіктіру яһудилер мен христиандарға тән" (Әбу Дәуд, Нәсаи, Хаким). Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдар ауызашарларына асығып жүргендеріне дейін игілікте болады», - деген (Бұхари, Муслим)

АУЫЗ АШАР УАҚЫТЫНЫҢ ТАҒЫ ҚАНДАЙ ИГІЛІГІ БАР?

Ең кереметі, ауызашар - бұл жай ғана тамақ ішетін кез емес, бұл кезде Алла кей құлдарын тозақтан азат етеді!
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Ұлы әрі Құдіретті Алланың әрбір ауызашар кезінде Оттан босататын құлдары бар. Әрі бұл босату әрбір түн сайын орын алады!» - деген (Ибн Мәжаһ)

Ендеше, осынша құлшылық, сауап, игілік жасырылған ауыз ашарға, оның уақытына, әдептеріне мұқият болайық. Алла осы Рамазанда күнәларымызды кешіріп, бізді де оттан босаған құлдарының қатарынан етсін. Әмин!
_________

http://t.me/kuran_tapsir