Get Mystery Box with random crypto!

-ХАДИС: Абдуррахман ибн Сағд әс-Сағиди (р.а.): «Пайғамбарымыз | ХАДИСТЕР ЖИНАҒЫ

-ХАДИС:

Абдуррахман ибн Сағд әс-Сағиди (р.а.): «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Әзд руынан шыққан Ибн Лутбия деген бір кісіге зекет жинауды тапсырған еді. Ол жұмысын бітірген соң Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп (зекеттен түскен дүниені тапсырып тұрып): «Мынау сіздерге тиесілі. Ал мынау болса, маған сыйға тартылды», – деді. Мұны естіген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дереу мінберге көтеріліп, Аллаһ тағалаға мақтау айтқан соң: «Аллаһ тағала маған тапсырған бір істі атқарып келу үшін сендердің араларыңнан біреуді жұмсасам, әлгі адам маған келіп: «Мынау сіздерге тиесілі. Ал, мынау болса, маған сыйға тартылған дүние», – дейді. Егер оның айтқаны рас болса, неліктен сол кәдесін әкесінің (немесе анасының) үйінде отырып-ақ күтпеді? Аллаһтың атымен ант етейін! Сендерден кімде-кім өзіне тиесілі болмаған нәрсеге қол сұқса, еш шүбәсіз қиямет күні Аллаһқа соны арқалаған күйде қауышады. Сендердің араларыңнан Аллаһтың алдына боздаған түйе, мөңіреген сиыр немесе маңыраған қой арқалап барғандарды танымаймын», – деп ескертті. Сосын қос қолтығы көрінетіндей етіп қолдарын көкке көтеріп: «Уа, Аллаһ тағалам! Айтып жеткіздім бе?» – деп үш қайтара айтты» – деген.

(Бұхари, зәкәт 3; Муслим, имара 26).

@hadister_jinagy