Get Mystery Box with random crypto!

-ХАДИС: Хузәйфа мен Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуі бойынша, А | ХАДИСТЕР ЖИНАҒЫ

-ХАДИС:

Хузәйфа мен Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуі бойынша, Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аллаһ тағала күллі адамзатты махшарға (ғарасат алаңына) жинағанда мүміндер жаннат оларға жақындатылғанша түрегеліп тұрады. Содан кейін олар әзірет Адамға (а.с.) келіп, оған: «Уа, баршамыздың бабамыз! Аллаһтан біз үшін жаннат қақпаларының ашылуын тілесеңіз», – деп өтінеді. Адам (а.с.) оларға: «Сендерді жаннаттан шығарған аталарыңның қателігі емей немене? Мен бұған лайық емеспін. Одан да Аллаһтың досы болған ұлым Ибраһимге (а.с.) барыңдар – дейді. Сөйтіп, олар
әзірет Ибраһимге (а.с.) келеді. Ол да: Мен бұған лайық емеспін. Расында, мен өзімді Аллаһқа соншалықты жақын дос болдым деп айта алмаймын (36) Одан да сендер Аллаһпен тікелей тілдесу құрметіне бөленген Мұсаға (а.с.) барыңдар», – дейді. Әзрет Мұсаға (а.с.) барғанда ол да: «Мен бұған лайық емеспін. Сендер Аллаһтың сөзі (37) және рухы (38) болған Исаға барыңдар», – дейді. Әзірет Иса (ғ.с.) оларға: «Мен де бұған лайық емеспін», – дейді. Соңында, олар әзірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келеді. Сол кезде әзірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) орнынан тұрады да, оған шапағат ету мүмкіндігі беріледі. Аманат пен туыстық қатынас – екеуі: бірі Қыл көпірдің оң жағына, екіншісі сол жағына тұруға жіберіледі. Іштеріңнен Қыл көпірден алғашқы болып өтетіндер жай отындай өте шығады», – деді. Сонда мен: «Әке-шешем сіздің жолыңызда садақа болсын! Жай отындай өте шығады дегенді қалай түсінуге
болады?» – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Найзағайдың көзді ашып-жұмғанша жарқ етіп жылдам өте шыққанын (жанып-өшкенін) көрмедіңдер ме? Одан кейінгілердің кейбірі жүйітки соққан желдей, енді біреулері құстай ұшып, жылдам өтеді. Қысқасы, (қыл көпірден) ең жылдам өтетіндер – (мына дүниеде істеген ) игі істерінің арқасында демде өте шығады. Пайғамбарларың болса, қыл көпірдің басында тұрып: «Уа, Раббым! Сақтай гөр, сақтай гөр!» – деп, жанын шүберекке түйіп, жалынып-жалбарынып, үмбетінің тілеуін тілеп тұрады. Сөйтіп тұрғанда, Аллаһтың кейбір құлдарының игі істері жеткіліксіз болып (оларды тозақтың үстіне керілген қыл көпірден жылдам өткізе алмай) қалады. Тіпті, бір адам тік тұрып жүре алмай бауырымен жер жорғалап қалады. Қыл көпірдің екі жағында тозаққа бұйырылғандарды іліп әкету міндеті тапсырылған ілгектер болады. Аталмыш ілгектер кейбіреуін жаралап өткенімен, соңында олар құтылып кетеді. Ал ілгектерге ілініп қалғандар, сол күйі тозаққа тасталады», – деп айтты».

Осыған қатысты Әбу Һурайра (р.а.):« Әбу Һурайраның жаны қолында болған Аллаһтың атымен ант етейін! Тозақтың түбіне (жету үшін) жетпіс жыл керек», – деген еді.

(Муслим, иман 329).

(36) Яғни, Аллаһқа менен де жақын болған жандар бар.
(37) Яғни, Аллаһтың «бол» – деген бір ғана әмірімен әкесіз, жалғыз анадан дүниеге келді.
(38) Исаның (а.с.) Аллаһтың рухы деп аталуының себебі, ол Аллаһтың қалауымен өлілерге жан бітіретін және өлі жүректерді қайта тірілтетін.

@hadister_jinagy