Get Mystery Box with random crypto!

-БАП АЛЛАҺТЫҢ БҰЙРЫҒЫНА БОЙСҰНУ «Жо-жоқ, Раббыңның атымен | ХАДИСТЕР ЖИНАҒЫ

-БАП

АЛЛАҺТЫҢ БҰЙРЫҒЫНА БОЙСҰНУ


«Жо-жоқ, Раббыңның атымен ант етейін! Олар араларында туындаған дау-дамайды (оңтайлы шешу үшін) сенің билігіңе жүгініп, әрі айтқан үкіміңе іштей наразы болмастан (саған) толықтай бойсұнбайынша иман еткен болып саналмайды»
(«Ниса» сүресі, 65-аят).

«(Пайғамбар) оларға (мүміндерге) қатысты үкім беру үшін Аллаһқа және елшісіне (яғни, Құран мен сүннетке) жүгінуге шақырғанда, шынайы мүміндердің айтқаны: «Әміріңе құлдық» – деу болды. Міне, солар нағыз жетістікке жеткендер»
(«Нұр» сүресі, 51-аят).

-ХАДИС:

Әбу Һурайра (р.а.): «Құранның «Көктегі мен жердегілердің барлығы жалғыз Аллаһқа тиесілі. Іштеріңе бүккен (ойларыңды, ниеттеріңді) жария етсеңдер де, жасырып қалсаңдар да, Аллаһ тағала сендерді ойларың мен пиғылдарыңа қарай жауапқа тартады. Содан соң, қалағанын кешіреді, қалағанын азаптайды. Расында, Аллаһтың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді» (23) деген аяты түскенде, бұл пәрмен Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына өте ауыр тиді. Сөйтіп, олар Расулаллаһқа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп, алдында тізе бүгіп отырып: «Уа, Аллаһтың елшісі! Бұған дейін бізге намаз, жиһад, ораза, садақа беру секілді шамамыз келетін амалдар міндеттелген еді. Ал енді сізге түсірілген («тіпті, іштеріңе бүккен ойларың үшін де жауапқа тартыласыңдар» деген мағынадағы) мына аяттың үкімін орындауға әл-дәрменіміз жетпейді», – деп мұңдарын шақты. Сонда Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға: «Сендер сонда, өздеріңнен бұрынғы кітап иелері яһудилер мен християндар секілді «Естідік, бірақ бойұсынудан бас тарттық», – демекшісіңдер ме? Сендер, керісінше, «Естідік және бойұсындық. Уа, Раббымыз, бізді жарылқап, кешіре гөр! Соңында бір Өзіңе қайтамыз», – деп айтыңдар», – деді. Сахабалар осы аятты оқып, шынайы ықыласпен бойсұнғанда, Аллаһ тағала бірден: «Пайғамбар мен мүміндер оған Раббысы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Олардың барлығы Аллаһқа, періштелеріне, кітаптарына және елшілеріне иман келтірді (Мүміндер былай деді):
«Оның елшілерін бір-бірінен бөліп-жармаймыз. Естідік және бойұсындық. Уа, Раббымыз, бізді жарылқап кешіре гөр! Соңында бір Өзіңе қайтамыз» (24) – деген аятты түсірді. Сахабалар (бұл пәрменге) шынайы түрде бойсұнған соң, Аллаһ тағала алғашқы аяттың үкімін жойып: «Аллаһ ешбір жанға шамасы келмейтін міндет жүктемейді. Әрбір жанның істеген (жақсылығы) өзіне, істеген (жамандығы) да өзіне (Мүміндер): «Уа, Раббымыз, егер ұмытып немесе жаңылысып күнәға батсақ, бізді жауапқа тарта гөрме!» – деп жалбарынғанда, Аллаһ тағала: «Әрине», – деді. «Уа, Раббымыз, бізге бұрынғыларға жүктегеніңдей ауыртпалық арта гөрме!» – дегенде, Аллаһ тағала: «Әрине», – деді. «Уа, Раббымыз, бізге шамамыздан тыс міндет жүктей гөрме!» – дегенде, Аллаһ тағала: «Әрине», – деді. «Бізді жарылқап, кешіре гөр! Бізді шексіз мейіріміңе бөлей гөр! Сен біздің жалғыз Иемізсің, кәпір қауымына қарсы бізге жәрдем ет!» (25) – дегенде, Аллаһ тағала: «Әрине», – деп, мүмін құлдарының бар ықыласымен айтқан дұға-тілектерін қабыл алды», –деген

(Муслим, иман 199).

(23) «Бақара» сүресі, 284-аят
(24) «Бақара» сүресі, 285-аят
(25) «Бақара» сүресі, 286-аят


@hadister_jinagy