Get Mystery Box with random crypto!

Үкімет отырысында Қазақстандағы бизнес-ахуалды одан әрі жақсар | Фонд «Даму»

Үкімет отырысында Қазақстандағы бизнес-ахуалды одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың баяндауынша

Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикада жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының қатары 23,4%-ға өсіп, 2 млн-ға жеткен.

Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 18%-дан астамға артып, 4,1 млн адамға жетті.

Жалпы бүгінде экономикалық белсенді адамдардың шамамен 40%-ы ШОБ-та жұмыс істейді.

ШОБ нысандарының өнім шығару көлемі де 28%-ға өсіп, 59 трлн теңгеден асты.

Бизнес-ахуалды одан әрі жақсарту мақсатында кәсіпкерлерге қатысты жаңа реттеушілік саясатты енгізу, атап айтқанда, артық және ескірген талаптарды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарының бірі.

2030 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 40%-дан жоғары болуға тиіс. Ол үшін отандық кәсіпкерлікті қолдау бойынша жүйелі шаралар іске асырылды, Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, осы саладағы заңнамалық базаны жетілдіруде.

Оған қоса қазіргі уақытта жаңа Салық кодексі әзірленуде. Ол барлық процесті толық цифрландыра отырып, салықтық әкімшілендіруді айтарлықтай жеңілдетеді.

Сондай-ақ өткен жылдан бері кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеу шаралары іске қосылды.

Премьер-Министр бизнеске қаржылық және басқа да қолдау шаралары көрсетіліп жатқанын айтып өтті.

Биылғы 5 айдың өзінде жалпы құны шамамен 440 млрд теңгені құрайтын 6 мыңнан астам жобаға субсидия бөлінді.

Сонымен қатар тағы 144 млрд теңгеге 4 мыңнан астам жобаға кепілдік берілді.

«Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 33%-дан 36,5%-ға дейін өсті. Осындай қарқынды сақтауымыз керек», — деді Әлихан Смайылов.

Бүгінде бизнес негізінен ірі қалаларда шоғырланған, сондықтан моноқалалар мен шағын елді мекендерде оның дамуына жағдай жасап, мүмкіндіктерін кеңейту қажет.

«Ол үшін “Ауыл аманаты”, “Ауыл – Ел бесігі”, моно және шағын қалаларды дамыту, “Қарапайым заттар экономикасы” және Бизнестің жол картасы – 2025 жобалары аясында қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік органдар “Атамекен” ұлттық палатасымен және өңірлермен бірлесіп, жобалардың жергілікті жерлерде сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет», — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар артық реттеу талаптарын жою, сондай-ақ бизнесті мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру бойынша жұмыстарды жеделдету қажет.

«Жыл соңына қарай біз әр саланың нәтижесін көруіміз керек», — деді Әлихан Смайылов.

Сөз соңында Үкімет басшысы білікті мамандарды, әсіресе жоғары технологиялық сала мамандарын сапалы даярлауды қамтамасыз ету, кадрларды даярлау мен оқыту жүйесін қазіргі заман талаптарына бейімдеу жөнінде шаралар қабылдау керектігін айтты.

https://t.me/KZgovernment