Get Mystery Box with random crypto!

Бүгін «Astana Finance Days 2023» конференциясы аясында «Даму» | Фонд «Даму»

Бүгін «Astana Finance Days 2023» конференциясы аясында «Даму» Қорының Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева «Төмен көміртекті дамуды тұрақты қаржыландырудың үлесі: жаңа құралдар» атты сессияда сөз алды.

Төрайым «Даму» Қорының корпоративтік мәдениеті мен бизнес-процестеріне тұрақтылық қағидаттарын енгізу тәжірибесін паш етті. Мыселен, былтыр Қор бизнес-процестерді толық автоматтандырды. Бұл – кепілдік шарттарына ЭЦҚ арқылы қол қоюға, сондай-ақ мемлекеттік egov.kz сайты мен Қордың online-damu.kz өз платформасы арқылы қашықтан өтінім беруге көшуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, Гаухар Асылбекқызы Қордың ШОБ қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларына тұрақты қаржыландыру құралдарын енгізу бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы да айтып берді.

Жалпы алғанда Қор несие сомасы 11 трлн теңгеге жуық 188,7 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетті. Әлеуметтік-экономикалық тиімділік тұрғысынан алсақ, бұл – 188 мың жаңа жұмыс орнын құрып, 800 мың жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік берді, 73 трлн теңгенің өнімі шығарылып, 5,4 трлн теңге салық түрінде қайтқан. Қор бағдарламалары аясында қаржылай қолдау алған кәсіпкерлердің жалпы санының 46%-ын әйелдер құрайды.
«Қаржы институттарын мен ШОБ-ты тұрақты қаржыландыруға ынталандырып, тарту үшін 2020-2021 жылдары Қазақстандағы алғашқы дебюттік жасыл және әлеуметтік облигацияларды шығардық. Қор елімізде эко жобаларды қаржыландыруды насихаттауға мүдделі және бүгінгі күні несие сомасы 150,4 млрд теңге болатын 141 «жасыл жобаға» қолдау көрсетті», - деп атап өтті Гаухар Бурибаева.

Сөзін қорытындылай келе, Гаухар Бурибаева «Даму» Қоры тұрақты даму мақсаты қағидаттарын өз қызметінің барлық салаларына кезең-кезеңімен енгізетінін және Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерліктің тұрақты дамуын қаржыландыру бойынша бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асырмақ екенін, сондай-ақ жақында халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірінен ESG рейтингін алуды жоспарлап отырғанын да айтты.