Get Mystery Box with random crypto!

Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді маңызды мемлекеттік мереке | ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Құрметті қазақстандықтар!

Сіздерді маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі – Қазақстан Республикасының Конституция күнімен құттықтаймын!
1995 жылы 30 тамызда адамның басты құндылықтарын, құқықтары мен бостандығын айқындаған Ата заңымыз қабылданды. Конституцияның 29-бабында Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулық сақтау құқығы бекітілген. Азаматтарымыз заңмен белгіленген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқылы.
Негізгі құқықтық қайнаркөзіміз саналатын Конституциядағы нормалар мен принциптер Қазақстан мемлекеттігін дамытудың мызғымас іргетесіне айналды. Еліміздің әлеуметтік және саяси тұрақтылығын, халқымыздың бейбітшілігі мен ынтымақтастығын нығайтты.

Осы орайда мемлекетіміз әлеуметтік жаңғыру және қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту бағдарын ұстана отырып, азаматтар алдындағы міндеттемелерін орындауды ұдайы жетілдіріп келетінін айта кеткім келеді.
Атап айтқанда, 2020 жылы 7 шілдеде қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі, сондай-ақ «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының орындалуы – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің әрдайым басты назарында. Өскелең ұрпақтың саулығына, ана мен балаға, қарттарға қамқорлық, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті сапалы ұйымдастыру, елімізде озық технологияларды игерген инновациялық клиникалар ашу – мұның бәрі біздерден – денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінен кәсібилікті, зор жігер мен мақсаткерлікті талап етеді.
Осынау айтулы мерекеде барша қазақстандықтарды, әріптестерімді азаматтарымыздың игілігі үшін қалтқысыз қызмет етуге шақырамын. Әрбір отандасыма шын жүректен зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Еліміздің келешегі кемел, аспанымыз ашық болсын!