Get Mystery Box with random crypto!

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қауіпсіздік және құқықтық тәртіп саласы | БОРТ N1 🇰🇿

Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Қауіпсіздік және құқықтық тәртіп саласында бірқатар заң қабылданды. Оның ішінде биологиялық қауіпсіздік туралы заңды атап өткен жөн. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң да бар. Құқық қорғау саласы мен арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және әскери қызметшілер барынша қорғалатын болды. Сондай-ақ, олардың жауапкершілігі күшейтілді.

Қаржы пирамидаларына қарсы күрес саласына, сондай-ақ құнды қағаздар нарығын, банк және микроқаржы секторларын реттеуге қатысты заңнама жетілдірілді. Заңнамаға инновацияны ынталандыру, цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде маңызды өзгерістер енгізілді. Мейлінше қолайлы бизнес-климат құру мақсатында Жақсартылған модельді келісімшарт және Жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізу туралы келісім сияқты тәсілдер енгізілді. Микро және шағын кәсіпкерлік өкілдері үшін бірыңғай төлем енгізілді. Ол еңбекақы төлеу қорының есебінен жүзеге асырылады.

Стрессті активтерді экономикалық айналымға қайтару үшін заңнамалық негіз қалыптасты. Сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын, банк қызметін реттеп, дамыту үшін бірқатар заңнамалық түзету енгізілді. Алда ауқымды жұмыс бар. Мақсатымыз – баршаға айқын. Бұл – мемлекетімізді нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру»

t.me/bort_01