Get Mystery Box with random crypto!

​Өткенде айтқан инстаграм аккаунттардың бірінде ерлердің бет к | Beautylogic

​Өткенде айтқан инстаграм аккаунттардың бірінде ерлердің бет күтімі туралы пост шықты. Видеода жігіт бетін тазартып тұрып пилинг құралдары туралы айтып берді. Комменттерді шамамен сезген шығарсыздар)) Айтайын дегенім, ешкім бет күтімін бай табамын, қыздарды қаратамын деп жасамайды. Бет күтімі еркекке де, әйелге де қажет. Өзі үшін. Әрине, әйел мен еркектің бет күтімі сәл ерекшеленеді. Сол туралы жазайын.
Еркектердің бет күтімі әйелдердікінен сәл өзгеше. Оған бірнеше фактор себеп. Ең алдымен — гормондар. Тестостерон деңгейі жоғары болғандықтан еркек терісі 20-25% қалыңдау әрі тығыздау. Тері бездері де әйелдердікіне қарағанда белсендірек жұмыс істейді. Сондықтан еркектер арасында бет терісі майлы, аралас тері типажы көбірек кездеседі. Алайда акне (безеу) әйелдердікіндей тез жазылып кете қоймайды, жас кезіндегі безеу іздері де тереңірек қалады. Оған қоса еркектердің қырыну процесі бар, қышқыл ортасы әйелдердікінен жоғары. Сондықтан отыздан аса бастағанда сезімталдығы артады, гидролипид барьері бұзылады. Нәтижесінде ыстық-суық, лосьон, әтірлерге де беті ашып, қызарып шыға келеді.
Бір жақсысы еркектер терісінде коллаген көбірек. Сондықтан әжім кешірек түседі. Есесіне бет терісі қалың әрі тығыз болғандықтан әжім тереңдеу. Әсіресе маңдай мен қас ортасындағы әжім еркектердің бетіне драма мен жас қосып тұрады. Бұл кезде әжіммен күресу қиындай түседі. Әдеттегі серум, кремдер көмектесе қоюы екіталай.
Еркектер терісінде меланин де көбірек. Сондықтан анау-мынау күнге бола пигмент дақтары мазалай қоймайды. Бірақ қырықтан аса бастағанда меланин азаяды. Сол кезде күннен қорғанып SPF кремдерін қолданып жүргені абзал.
Енді күтімге назар аударайық, ерлердің күтім косметикасында не болғаны жөн. Ең алдымен бетті тазалауға мән беру керек. Қара дақтар мен безеудің алдын алу үшін скраб, лосьон және АНА қышқылдары бар пилингті аптасына бір рет қолданған жөн. Кейде осы тониктің не қажеті бар деп жатады. Әйелдер тониктен бас тартса да, еркектерге тоник міндетті түрде қажет деп ойлаймын. Теріде қалған сабын, қырыну құралдарының қалдықтарын жойып, ылғалдандыру керек. Бірақ құрамында алкоголь жоқ тоник алған жөн. Бетке ылғал қажет. Мейлі бетіңіз майдан жылтырап тұрса да. Майлы бетте ылғал жеткілікті деген сөз емес. Сондықтан крем, серум алғанда ылғалдандыратын компоненттерге мән беріңіз. Сонымен қысқаша айтқанда еркектердің бет күтімі процедурасы (25-40 жас аралығындағы) мынадай: тазарту — теріні түлету (аптасына бір рет) — қырыну — тоник жағу — ылғалдандыру.
Ол үшін сізге қажет 4 зат:
• Бет жууға арналған гель немесе көбік;
• Скраб немесе пилинг;
• Тоник (қырынған соң жағатын лосьон);
• Бетке жағатын крем (ылғалдандыратын).