Get Mystery Box with random crypto!

Абай мен Қиясбай Тобықтының шынжыр балақ, шұбар төс шонжарлар | Бауыржан Әлиұлы (ресми)

Абай мен Қиясбай
Тобықтының шынжыр балақ, шұбар төс шонжарлары Абай үйінде мәжіліс құрып отырады. Осы мәжіліс үстіне кенет Қиясбай кіріп келеді. Ешкім оны келдің-ау, кеттің-ау деп елемейді. Қиясбай сәл бөгеліп тұрады да:
- Уа, игі жақсы тақсырлар, - дейді дауыстап, - Абай ағамда оңаша айтарлық бір шаруам бар. Барлығың да шыға тұрыңдар!
«Мына неме не дейді?» дегендей, төрде отырғандар терісіне сыймай дүрдиісіп Абайға қарайды. Абай:
- Иә, Қиясбайдың оңаша айтарлық шаруасы болса, шыға тұрыңыздар, - дейді. Жұрт амалсыздан дүрлігіп сыртқа беттейді.
- Немене, Қиясжан? – дейді Абай оңаша қалған соң.
- Абай аға, маған ұрыса көрме, жаңағы иттердің мені адам құрлы көрмеді. Соларға өзімнің күшімді көрсетейін деп, әдейі айтып едім, - дейді Қиясбай.
- Қияс, ризамын. Тапқырлығың үшін қой берейін, алып кете аласың ба? – дейді Абай ішегі қатқанша күліп.
- Алып кетпейтін несі бар, - дейді Қиясбай қулана жымиып, - Абай ағам өңгертеді деймісің, айдатады да жіберді.
- «Сөз тапқанға қолқа жоқ», - деп Абай оған он шақты қой айдатып жіберіпті.