Get Mystery Box with random crypto!

ОЛИМПИАДА ЖӘНЕ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ МАРҚҰМ ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВТІҢ ЕСТ | Бауыржан Әлиұлы (ресми)

ОЛИМПИАДА ЖӘНЕ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ МАРҚҰМ ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВТІҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Жамбыл облысының қазіргі Байзақ ауданы, Тегістік ауылында 1951 жылы 6 мамырда дүниеге келіппін. Тегістік – Тараз қаласынан 45-50 шақырым, Таластың бойындағы отыз шақты үйден тұратын кішкене ауыл. Әпкем, қарындасым бар. Ұлдан жалғызбын. Әкем көп ағайынды болған екен. Бірақ барлығы шетінеп, он үшінші баладан кейін әкем өмірге келіпті. Мен әжемнің қолында өстім. Әкем айтып отыратын: "Маған дейінгі балалар шетіней бергеннен кейін атымды ырымдап қойған. Ауылдағы үш кемпірдің астынан өткізіп, мені Үшкемпір атапты" деп.
Әкем – есепші, шешем дүкен ұстаған. Тұратын үйіміз – қоржынтам. Бір жағында біз тұрамыз, бір жағы дүкен. Анамның ай-күні жеткенде әжем бір жерге кетіп қалған екен, шешем дүкенде толғатады. Шақыра қоятын жедел-жәрдем тұрмақ, аурухана да жоқ. Дәл сол толғақтың үстінде бір ақсақал дүкенге келіп, шешемнен сабын сұрайды. Үлкен кісіге толғатып тұрмын деп айта алмайды. Ұялғанынан, сөредегі сабынды алып беріп жатқанда мен түсіп қалыппын. Ауылға жақсылық келді ғой деп, менің атымды Жақсылық қойыпты. Әжемді шақырып, менің кіндігімді кесіпті. Сөйтіп, адам топырлап жатқан жерде туғанмын. Кейіннен шешем айтады ғой: "Әй, мынау сенің бүкіл атағың халықтың аяғының астынан шықты" деп.