Get Mystery Box with random crypto!

Ердей басыммен кейбір бейнематериалдарды қарасам, төбе шашым т | batyrbloger

Ердей басыммен кейбір бейнематериалдарды қарасам, төбе шашым тік тұрып, эмоцияма ерік беремін. Кеше ғой, түнде ғаламторда жұмысқа қатысты бір мәліметтерді ақтарып отырып, қазақ даласының қасіретіне айналған полигон туралы видео қарап едім, түнімен түсіме жын-жыбыр кіріп шықты. Полигонның зардабынан қаншама адамның денсаулығы құрығаны белгілі. Бұл зиянды жуып-шаю мүмкін емес. Бірақ, мен осы полигонның жабылғанына өте қатты қуанамын және Елбасыға үнемі іштей разылығымды білдіремін. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы, сонымен қатар, Семей полигонының жабылғанына да 30 жыл толып отыр екен. Алайда, 40 жыл тұрған полигонда Кеңес үкіметі 468 сынақ өткізіп үлгерген екен. 1965 жылы Шаған және Ащысу өзендерінің қосылған жерінде қуаты 140 килотоннаға жететін бомба жарылып, нәтижесінде көл пайда болған. Жарылыстан тереңдігі – жүз метр, диаметрі – 430 метр болатын шұңқыр бар. Ал дүмпу салдарынан үйілген ондаған миллион тонна топырақ үлкен төбеге айналған. Ресми деректерге сүйенсек, Семей полигонынан зардап шеккен адам саны – 1,3 млн. Зардаптың орасан ауыр болғаны түсінікті, себебі, жер асты, жер үстінде жарылған бомбалардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе қуатты болған көрінеді. 1989 жылы бұл бассыздыққа шыдай алмаған белсенді топ «Невада-Семей» қозғалысын бастаған еді. Осылайша талай тайталастан соң, ақыры Қазақстанның егемендігі туралы декларацияда Қазақстан ядролық қарусыз аймақ деп көрсетілді. Ал Елбасы Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарған күні – 1991 жылдың 28 тамызы еді. Сол кездегі ел Президентінің дәл осы әрекеті Ресей, Франция, АҚШ-тың ядролық аймақтарында сынақ жасауға мараторий жариялануына әсер етті, яғни біздің мемлекетіміз өзінің бейбітшіліксүйгіштігімен басқа державаларға үлгі болды десек, артық айтпаспыз. Себебі, бұл біздің 30 жыл өтсе де әр жыл сайын ауыз толтырып айтуға болатын жетістігіміз және еске алып отыратын тарихымыз.
Қазақ даласы қаншама қасірет көрсе, соншама бақытқа, бейбіт, алаңсыз өмір мен кемел байлыққа лайық. Ата-бабаның төккен қаны мен тері ақталуы тиіс. Себебі, олардың күресі бекер емес еді... Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері сол бабалардың кешегі арманы болатын.