Get Mystery Box with random crypto!

AYATZHAN / Мінез!

Telegram арнасының логотипі ayatzhan — AYATZHAN / Мінез! A
Telegram арнасының логотипі ayatzhan — AYATZHAN / Мінез!
Арна мекенжайы: @ayatzhan
Санаттар: Психология
Тіл: қазақ
Жазылушылар: 1.53K
Арнадан сипаттама

Аятжан Ахметжанұлының мотивациялары

Ratings & Reviews

3.50

2 reviews

Reviews can be left only by registered users. All reviews are moderated by admins.

5 stars

1

4 stars

0

3 stars

0

2 stars

1

1 stars

0


Соңғы хабарлар 8

2022-04-02 10:54:54 Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мектептің тәрбие үрдісіндегі ең маңызды істің бірі деп ойлаймын.

Кітап оқу оқырманның көз аясында кеңейту, ойлау жүйесін дамыту, логикасын арттыруда пайдасы зор. Жалпы мектеп кітапханасы мектептегі оқушының ең сүйікті орны болуы керек.

Ал кітаптар тек кітапханада ғана емес, әр кабинетте, дәлізде тұрса, оқушы қалағанын алып оқып, қалаған уақытында қол жетімді болса, кітапқа деген көзқарас тіптен өзгерер еді. Бір сөзбен айтқанда, мектеп үлкен кітапхана секілді болуы керек деп ойлаймын.

Сонда ғана оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ұлт қалыптасады.

Жалпы мектепте мектеп ортасының, әр кабинет, әр баспалдақ, әр дәліз сөйлеп тұруы керек, эстетикалық тәрбие беруі керек деп біраз тірлік істедік. Бұйырса жақында мектепте Қайым мұражайы ашылады, негізгі жұмыстары аяқтап қалды.

Енді ең негізі мәселе - қазақ тіліндегі кітап қорын, түрін, санын молайту. Себебі оқырманға таңдау болуы керек.

Өткенде ұлттық мектептің бағыты бойынша кітап қорын көбейту мақсатында еліміздегі біраз зиялы қауымға, алаштанушыларға хат жаздым. Хатымда “Алаш тарих кабинеті, Абай кітапханасы, Мағжан дәріс залдарына қоятын қазақ тіліндегі кітаптарды сыйға тартсаңыз, өз шығармашылығыңыздан болса да, мектепке оқушыларға пайдалы кітап сыйласаңыз”, - деп 50-ден астам адамға хат жаздым.

Содан Нұртөре Жүсіп 27 кітап, Жарасбай Сүлейменов 29 кітап, Дәулеткерей Кәпұлы 90 дана кітап беріп жіберіпті. Өкінішке қарай, қалған зиялы қауым үнсіз. Күтіп жүрмін.

Жалпы қызық бір зерттеу болсын дедім, кім кітап керек деп хат жазған мектепке елең етер екен, кім оқушылар үшін дейді екен. Оқушыларға қандай кітап ұсынар екен деп зерттегім келді. Ондай адал ниетті ұрпаққа жанашыр адамдарға есігіміз ашық.

Мектептің қым-қуыт тірлігі, мектеп өмірі қызық қой. Себебі балалар әлемі - шығармашылық шабыт сыйлайтын таза орта.

Биылғы жылғы пәндік олимпиада, ғылыми жоба, конкурстар нәтижесі жаман емес, білім сапасын арттыруға да қыруар жұмыс істеліп жатыр. Нәтижесі біртіндеп көрінеді ол бағыттың, қазірге жетістіктер жаман емес, шығып жатыр.

Біз нағыз ұлттық мектеп үлгісін қалыптастырамыз, бұйырса. Әлі біраз шабыт бар. Қолдаушы, демеуші болса, ұлттық мектепке үлес қосамын деушілер болса, есігіміз ашық.
1.1K views07:54
Ашу / Түсініктеме
2022-03-31 17:50:16 Өмір жақсы адамдармен, мейірімді адамдармен жып-жылы.

Өткенде бір күні кешке осындағы бір қарындас маған былай деп жазыпты:
- Аятжан мырза, сәлеметсіз бе! Кеш әрі демалыс күні мазалап отырғаным үшін кешірім өтінемін.
Рұқсат болса, сұрайын дегенім, мектебіңізде 11-сыныпта оқитын, оқуға ынтасы бар, бірақ ҰБТ-ға қосымша дайындалатын қаржы жағынан мүмкіндігі жоқ оқушы бар ма екен? ҰБТ-ға екі айдай қалды. Сол екі айын төлеп берсем деп едім. Сіз сондай баланы ұсына аласыз ба? Қазбілімге хабарластым, комплекс айына 60 мың дегендей болды. Түсінемін, екі ай аз уақыт. Дегенмен осы дайындықтың арқасында ҰБТ-да әр пәннен қосымша тағы 4-5 балл алып, грантқа өтіп кетсе деген ой.
Ойыма кеш келіп отырғаны, осы айдың соңында туған күнім. Сосын ойландым, жәй далаға шашылатын 100 мыңды ынтасы бар балаға жұмсағаным дұрыс болар деп. Ойыма Сіз түстіңіз. Әзірше шамам келіп отырғаны осы. Алла жазып жатса, болашақта тағы бір баланың жылдық оқуының қаражатын төлеуге мүмкіндік беріп жатса, төлеп оқытсам деймін.
Сіздерде бір жыл дайындалып, грантқа түссе, ары қарай төрт жыл университетте стипендиясын алып, тегін оқыса қандай қуанар ем, - деп жазыпты.

Не деген мейірім, не деген тереңдік. Тауып бердім, балаға сәттілік тілеп, жақсы оқы деп тілегін айтып, екі айлық ақшасын төлеп кетті. Баланың жүзінен қуаныш ескені, сондай бақытты сезінді. Екеуі де риза.

Туған күнімді әдемі жерде тойлауым керек, демейді. Бір адамға болса да көмектессем, қазақтың бір баласының болса да бағын ашсам дейді.

Міне қазақтың қыздары осындай, осындай ұлы сезімдер иесі.

Алда ораза айы келе жатыр, сауапты айда дәл осындай біреуге өмірлік пайдасы тиер жақсылық жасайтын адамдар көп болсын!

Өмірден мейірім үзілмесін.
987 views14:50
Ашу / Түсініктеме
2022-03-23 17:56:11
Жау жұрек 1000 болдық). Құтты болсын!

Мені қайдан танисыз?
Anonymous Poll
30%
Инстаграм
56%
Facebook
18%
Өмірде
15%
Теледидардан
2%
Танымаймын
328 voters1.3K views14:56
Ашу / Түсініктеме
2022-03-22 18:56:04 Қарт тарих мұрасы, төл тумасы,
Биіктеген бірлікпен ел тұлғасы.
Жеті дәм, жеті кие астың түрі,
Наурыз құтты болсын көктем басы.

Наурызым ұлы күні ұлыстың,
Ата бабам бетін ашқан ұлы істің.
Қариялар жамбас пенен бас кесіп,
Нар жігіттер бәстесіп бүгін көже ішсін.

Тілеу тілеп, дастарқаннан көже ішіп,
Бата жасап сүрілерін бөлісіп.
Құтты болсын ұлт мереке – Наурыз,
Жеті дәмнен бастау алған төл ісім.

Жаңару мен жасарудың, мейірім мен жылудың символы, қақаған қыстың көбесі сөгіліп, Самарқанның көк тасы жібіген Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Дастарқан толы дәм болсын!
Айтар қуаныш ән болсын!

Барыс жылы баршаңызға бақ қонсын!
Жолдарыңыз ақ болсын!

Аятжан Ахметжанұлы
1.4K views15:56
Ашу / Түсініктеме
2022-03-15 17:19:24 Аралас мектеп керек пе? - деуден бұрын бір кіріспе.

Заң бойынша баласын қандай тілді мектепте оқытуды ата-ана өзі шешеді. Оны зорлап қазақ тілді мектепке бергізе алмайсың, міндеттей алмайсың. Себебі ол - конституциялық құқы. Сондықтан Білім басқармаларына аралас мектеп ашпа деп айта алмайсыз. Бес ата-ана орыс сыныбына өтініш жазып тұрса, департаменттің ашпауға заң бойынша құқы жоқ. Ол үшін не істемек керек? Сәлден соң қайта оралам бұл мәселеге.

Ал біреу менен аралас мектеп керек пе? - деп сұраса, керек деп жауап беремін. Басқа бізде таңдау жоқ. Егер аралас мектеп ашпасақ, онда біз орыс мектебін ешқашан жоя алмаймыз. Орыс мектептері дами береді керісінше. Ал бұл мемлекетте орыс тілді әлем мен қазақ тілді әлемнің екі бөлек өмір сүруі екі бөлек ойлануын жалғастыра береді. Бұл - бір тұтас ел болуға үлкен қауіп. Сондықтан бір бірінші аралас мектептің емес, орыс мектептерінің санын азайтумен, орыс мектептерін аралас мектепке айналдыруға күш салуымыз керек. Басқа таңдау әзірге жоқ.

Өкінішке, ата-аналар арыз жазса да, орыс мектебін қазақ мектебіне өзгертпей отырған, соның кесірінен баласын қазақша оқыту үшін басқа ауылға көшкен немесе тасып оқытып жүрген ата-аналар бар. Бұндай мектептерді нақты анықтап, қазақ сыныбын ашқызуымыз керек. Ол үшін Білім басқармаларына мемлекетшілдік сана мен ұлттық таным һәм мінез керек. Қатты армандап кеттім бе, біздің шенділерде болмайтын нәрсені армандап...

Енді жұрт неге аралас мектепті жек көреді?
Неге аралас мектептің қазақ сыныбы да орысша сөйлеп шығады? Енді осыны талдап көрейік.
Ең сорақысы біздің аралас мектептегі іс-шараның бәрі мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде өтеді. Бұл жерде басты кінә мектеп әкімшілігінде, нақты айтқанда, мектеп директорында.

Нұр-Сұлтан қаласындағы біраз аралас мектепті зерттеген кезімде мектеп директоры қандай тілді мектеп сондай тілге басымдық беретінін көрдім. Орыс тілді директор іс-шараның бәрін орыс тілінде өткізеді, мектептің педагогикалық кеңесі, әдістемелік кеңесі, тәрбие іс-шаралары толық орыс тілінде өтеді. Қазақ сыныптарына орыс тілді мұғалімдер сабақ береді. Ол жердегі қазақ сыныптары жетімнің күйін кешіп отыр. Мәселе дәл осында. Астанада бір аралас мектепті білемін, директоры бүкіл іс-шараны қазақ тілінде жүргізеді. Ана мектептің орыс сыныбының оқушылары да қазақ тіліндегі іс-шараға белсенді қатысады. Аралас мектепке дәл осындай директорлар тағайындалуы керек.

Өкінішке орай, біздің елде тіпті тек орыс тілінде сөйлейтін таза қазақ мектебінің директорлары да көптеу. Ал орыс мектептерін, аралас мектептерді басқаратын таза шовинист директорлар да жетерлік.

Енді не істемек керек?

Ең бірінші, әрине, билік қазақ тіліне ресми бет бұруы керек. Бірақ оны бәріміз білеміз. Басқа қандай шешімдер керек.

Біріншіден, мектеп директорларына қойылатын талаптарға “Аралас мектептің және мемлекеттік тілді мектептің директоры қазақ тілін білуі міндетті, бұндай мектепке директор болу үшін қазақ тілінен емтихан тапсырады” деген тармақ керек.

Екіншіден, аралас мектептегі іс-шараны мемлекеттік тілде өткізуге, ең болмағанда екі тілде өтуіне, оның ішінде қазақ тілінің үлесі ең кемінде 50%-дан жоғары болуын міндеттеу керек.

Үшіншіден, Тілдерді дамыту басқармасы еліміздегі бүкіл мектепті ресми тексеріп, мектеп іс-қағаздары, кабинеттердің безендірілуіндегі мемлекеттік тілдің үлес салмағын нақты тексеріп, заңды бұзып отырған мектептерді ресми жазалауы керек. Бүкіл мектептегі іс-шара барысында, іс-қағаздарында, кабинет безендіруде мемлекеттік тілдің орнына байланысты нақты бұйрықтар беру керек.

Төртіншіден, жоғарыдан мектептерге түсетін іс-қағаздардың да мемлекеттік тілде болуына ресми нақты бұйрықтар керек. Өкінішке мектеп директоры ретінде айтарым жоғарыдан келетін қаншама есептерді толтыру кезінде келген кестені аударып, қазақша нұсқасын өзіміз жасайтын кездер тым көп.

Нақты айтқанда, біз бұл мәселеде бірінші таза өзге тілді мектептерді аралас мектепке өзгертуден бастап, мектепте мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейткеннен басқа таңдау жоқ.

Бұл бағытта негізі істейтін шаруа тым көп. Қазірге осы жерден тоқтайын, тағы артық сөйлеп қоярмын.

Аятжан Ахметжанұлы.
1.5K views14:19
Ашу / Түсініктеме
2022-03-15 17:19:23 Аралас мектеп апат па?

Иә, бірден айтайын, бұл мақалам біраз адамға ұнамауы мүмкін. Бірақ эмоцияны қайырып қойып, ақиқатын айтайық. Бүйту керек, сөйту керек деген құр айғайдан нәтиже шығатын болса, осыған дейін Ресейдің шовинист атқамінерлері айтқандай, нағыз тек қазақша сөйлейтін қазақ еліне айналып кетер едік. Өкінішке қарай, әлі орыс мектебіміз дәурендеп тұр.

Бір ғана қаладағы, жай солтүстіктегі қалалардың бірі емес ел астанасындағы 149 мектептің 99-ы мемлекеттік, олардың жайы мынадай:

- 35 мектеп (35%) қазақша,
- 56-сы (57 %) аралас,
- 8-і (8%) таза орыс тілінде оқытады.

Қазақ тілінде оқитын оқушылар саны – 114 442 (54,8%),
Орыс тілінде оқитын оқушылар саны – 93 312 (44,7%),
соның ішінде ұлты қазақ балаларының саны – 62 398 (63%).

2021-2022 оқу жылында 1-сыныпқа 25 349 бала қабылданды.
Қазақша оқитыны - 13 092 (52%),
Орысша оқитыны - 12 257 (48 %)

Міне сандар көрсеткендей екі түрлі ауыр трагедия бар.
Біріншіден, баласын орыс сыныбына беретін қазақтар әлі де тым көп.
Екіншіден, баласын орыс сыныбына беру үрдісі соңғы жылдары барған сайын ауырлап барады.

Шыны керек, баласын орыс сыныбына сүйреу науқаны 2017 жылдан бастап, кәдімгідей күш алып кетті. Біразыңыздың есіңізде шығар 2017 жылы баласын орыс мектебіне беретіндерге жаным ашиды деп дабыл қағып мақала жазып, біраз шовинист сотқа сүйреп еді. Ол кездегі жағдай шынымен басқа еді. Бүгін жағдай алға ілгерілеудің орнына керісінше ушығып кетті.

Неге? Себебін талдап көрейік, неге жұрт баласын орыс тілді мектептерге беру қарқын алды.

Бірінші, Сәрінжіпов-Сағадиевтің үш тілділік реформасының тіке нәтижесі. Үш тілде оқыту реформасы басталғаннан кейін жұрт қазақ тілінен үміті азайды. Онсыз да мектебінде екінші сортты мемлекеттік тілі үшінші сортқа ығысады, мектепте пәндерді өзге тілде оқыса, баламызды қазақ тілінде оқытып не істейміз дегендер көбейді.
Оның үстіне экс-министр Сағадиев орыс мектебіндегі қазақ тілін дамыту деген атпен Қазақстанда күйреуге айналған орыс мектептерін жаңа деңгейге көтеруге 2 миллиардтан астам қаржы салып, орыс мектебіндегі қазақ тілін емес, орыс мектебін дамытып кетті. 2016 жылдың соңында 22%-ға түскен орыс сыныбының үлесі бүгінде 28%-ға дейін көтерілді.
Сағадиевті министр етіп ұжымға таныстыруға әкелген кезде сол кездегі премьер министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның тіке тапсырмасы осы еді, - дейді білетіндер. Ол тапсырма орындалды.

Екіншіден, латын әліпбиіне көшеміз деген шешімінің кері әсері.
Латын әліпбиіне көшу бастамасы онсыз да қазақ тіліне қырын қарап жүргендерге, болашағына сенбейтіндерге жақсы сылтау болды.
Қазақстанда қазақ тілі латын әліпбиіне ауысады, орыс тілі ауыспайды. Балаларымыз онсыз да орыс тілді, қиналмасын. Ертең ол латынның болашағы қайдан болады, 30 жылда қазақша сөйлемеген елге, қатты керек болмаған елге болашақта дамиды деп сенбеді.
Латынға көшуді қазақ тілін құлдыратады, әліпби ауыстыру өте үлкен қорқыныш ұялатты. Баласын орысшаға беретін жұрт онсыз да тек орыс тілді ақпараттармен ғана сусындайтын жұрт бұл науқанда орыс пропагандасының жетегінде кетті.

Үшінші, мемлекеттік биліктегі мемлекеттік тіл орнының шынайы жағдайы.
Иә, дәл қазір орыс тілін білмесең, үлкен жетістікке жету қиын, билікке жолау мүмкін емес. Ал қазақ тілін білмесең, министр де, әкім де бола аласың кедергі жоқ.
Орыс тілінің статусын Конституциямен бекітіп, болашағын әр жолдауда айқындап тұрған мемлекетте ешкім қазақ тілін шынайы мемлекеттік тіл деп сезінбейді. Күнделікті орыс тілінде сөйлейтін, орыс тілінде ғана іс-қағаз жүргізетін шенділер мен мекемелер көптігінде баласын жетектеп қазақ мектебіне жұрт апармайды.
Оның үстіне Қазақстаннан Ресей техникалық университеттерінің филиалын ашу, Болашақ халықаралық бағдарламасы тізіміне Ресей университеттерін қосу секілді мемлекеттік шешімдер баласын орыс мектебіне беретіндер санын кемі 20%-ға көтереді. Сондықтан жоғарыдағы цифрлар алдағы күндері еселеп артатынына күмәнім жоқ, өкінішке орай.

Жә, бағытым басқа жаққа кетіп барады. Сынамайын десем де, осылай боп кетеді, көріп тұрып үндемеуді ар көтермейді. Негізі аралас мектеп туралы жазып жатыр едім, соны жалғастырайын.
907 views14:19
Ашу / Түсініктеме
2022-03-13 08:02:50 Неше күнгі оқиғалардан осы "қателіктергі" айтқан қателіктер есіме түсе берді...
Біз қашан сөзден іске көшеміз, сөзімізбен ісімізді сәйкестендіреміз...


845 views05:02
Ашу / Түсініктеме
2022-03-12 13:53:57 Талдықорғандық оқушы талқыланып жатыр...

Иә, бұрын оқушыны мұғалім ұрыпты, мұғалім оқушыға артық шара қолданыпты, қатты ұрсыпты деген оқиғалар көп айтылатын. Қазір мұғалім оқушыны ұру түгілі оқушыға қатты ескерту жасай алмайды. Себебі бізде ең қатты жұмыс жасайтын жалғыз заң бар, ол - Бала құқығы туралы заң.

Әрине, ешкімді ұрып тәрбиелеу мүмкін емес, оны жақтамаймын, құптамаймын. Бірақ ескерту жасауға, тәрбиеге шақыруға қорқып қалған педагогтар қауымы қалыптасқанын жоққа шығармаймын.

Қазіргі кезде мұғалімге күш көрсеткен оқушы мен мұғалімге қысым жасаған ата-ана туралы жиі естиміз, күнделікті өмірде де жиі көреміз ондай жағдайды. Бұның соңы жақсылыққа апармайды.

Мен баяғыда сынып жетекші болғаннан бері үнемі ата-аналар жиналысында:
- құрметті ата-аналар, сіздер білім саласын сынайсыздар, бізді мұғалімдерді сынайсыздар, мектепті жамандайсыздар, мұғалімді жерден алып жерге саласыздар, білеміз, әрине, ешкім мінсіз емес, сынаңыздар, жамандаңыздар, жалғыз өтінішім бар, - деймін ғой. Айтыңыз не өтініш дейді
- айналайын, құдай үшін балаңыздың алдында бізді жамандамаңыздаршы, бізді талқыламыңыздар, мектепті жерден алып жерге салмаңыздар. Оны тек жатын бөлмеге кіргенде күйеуіңіз екеуіңіз қалғанда айтыңыздаршы, - деймін.

Иә, бізді баланың көзінше жамандап-жамандап алып, ертең балаңызға тәрбие ал деп бізге жібересіздер, қалай тәрбие алады, қалай тыңдайды?Күнде біз туралы нашар ақпарат естісе, қалай сыйлайды деймін ғой. Кейбірі күледі, кейбірі ұялады.

Иә, егер ата-ана мұғалімді сыйламаса, бала тәрбие алмайды, дұрыс білім алмайды. Себебі ол үшін мұғалім бейшара біреу, тұлға емес.

Кешегі Талдықорғандағы жағдай да - тура сондай оқиғалардың бірі. Өзіміз де кезінде оқушыға ескерту жасаймыз деп "таяқ жегенбіз”.

Біріншіден, дәл қазір бұндай бассыздық жасаған оқушының ата-анасына жай әкімшілік жаза емес, қатаң шара көру керек. Баланың тәрбиесінің ең маңызды жүгі ең алдымен ата-анада. Баланың бүкіл тәрбиесін мектепке ысырып тастаған ата-аналар тым көп, өкінішке қарай.

Екіншіден, тәрбие процесін, тәрбие принциптерін қайта қарау керек. Орта білімдегі тәрбиені білім мазмұнынан бөліп қарауға болмайтынын, тәрбие концепциясын ұлттық бағытта қайта қарау керек екендігін Білім және ғылым министрлігіне екі-үш рет ұсыныс ретінде айтқанбыз. Жасауға көмектесу туралы ниет те білдіргенбіз.

Үшіншіден, бұл жерде мектепке бір мән берген дұрыс, мына партадағы жазулардың бәрін ескермеген мектептің оқушысы үшін ана сөздер қалыпты жағдай болып кетеді. Адамды ортасы тәрбиейді. Ортасы осындай былапыт болса ондай тірлік те қалыпты жағдай боп кетеді. Бір сөзбен айтқанда ұят болмаса бәрі болмайды.

Жалпы мектептерде осы оқу жылында болған оқиғалардан (ұл баланың көйлек киіп келуі, ертеңінде суицидке ұшырауы, қыздардың қасын қырып тастауы, мұғалімге өте дөрекі сөйлеуі және мына партадағы секілді жазулар) бәрінде шуды баса салуды емес, әр оқиғадан сабақ алып, шешім шығаруды ойлану керек.
881 views10:53
Ашу / Түсініктеме
2022-03-10 19:32:05 Кейде жазаның ең үлкені мән бермеу...

Петициядан алып тастаса бізде шенді қалмас еді...

Біреудің жеке бас араздығы, біреудің бас пайдасының іске аспай қалуы, біреудің ойлағаны болмай қалуы...

Жалпы қалыптасқан жүйені өзгертуге тырысқан адамдар жұмыс істемей тыныш өмір өткізгісі келетіндерге ұнамайды...

Қаншама сіресіп қалған жүйе өзгерді, қаншама құжат, қаншама заң өзгерді... Бәрін бір күнде өзгерту мүмкін емес, бірақ, өзгеріс көп...

Ол өзгерістер біраз адамды наннан айыруы мүмкін....

Ондай адам ұнамайды әрине. Шулай берсін, орыс тілділері бар, басқасы бар, шұрқырай берсін, іштері пысқан шығар...

Үкімет те ақымақ емес шығар, жұмыс істеп жатқан адамды жұлып тастай салатын....
972 views16:32
Ашу / Түсініктеме
2022-03-09 16:47:16 Сандар сөйлейді...

Елордадағы (Нұр-Сұлтан қаласы) 149 мектептің 99-ы мемлекеттік, олардың жайы мынадай:

- 35 мектеп (35%) қазақша,
- 56-сі (57 %) аралас,
- 8-і (8%) таза орыс тілінде оқытады.

Қазақ тілінде оқитын оқушылар саны – 114 442 (54,8%),
Орыс тілінде оқитын оқушылар саны – 93 312 (44,7%),
соның ішінде ұлты қазақ балаларының саны – 62 398 (63%).

2021-2022 оқу жылында 1-сыныпқа 25 349 бала қабылданды.
Қазақша оқитыны - 13 092 (52%),
Орысша оқитыны - 12 257 (48 %)

Мәлімет Нұр-Сұлтан қаласы білім беруді жаңғырту орталығы базасынан.
911 views13:47
Ашу / Түсініктеме