Get Mystery Box with random crypto!

Қазақстанда орыс тілсіз өмір сүруге бола ма? Бізде бір оңбаға | AYATZHAN / Мінез!

Қазақстанда орыс тілсіз өмір сүруге бола ма?

Бізде бір оңбаған түсінік қалыптасқан.
- егер орыс тілін білмесең жақсы жұмысқа тұра алмайсың!
- орыс тілінсіз бизнес жасай алмайсың!
- орыс тілін білмесең қалада өмір сүре алмайсың!

Яғни, орыс тілсіз нан жоқ, - деген түсінік қатты қалыптасқан. Соның кесірінен орыс тілін білмеген адам білімсіз деген сана сіңіп кеткен.

Орыс тілінде сөйлеуді мәртебе, орыс тілінде жазуды білімділіктің көрінісі секілді көретін қауым көп.

Тіпті өзімнің жерлестерім, шеттен келген қандастарым Қазақстанға келгенде бірінші қазақ тілін емес, орыс тілін үйренеді. Оқуға түскен іні қарындасарым әлеуметтік желіде посттарын орыс тілінде жазады. (Шындап келгенде ол тілді білмейді де).
Бірақ, жұртқа жүнін жылтырату психологиясы.

Баяғыда ЕҰУ-ға бірінші курсқа оқуға түскенде тобымызда қазақы өңірлерден келген қыздар көп болды. Соның көбінің орысшасы өте нашар еді. Бірақ, 4 курста солардың көбі қазақшадан көрі орысша көп сөйлейтін боп кетті. Сол баяғы қазақша сөйлеуді намыс, орысша сөйлеуді мақтан көретін психология.

Тіпті бір қызық айтайын, бірінші курста тобымызда сондай бір Томирис (аты өзгертілді) деген қыз болды. Оқуға түсе салған бірінші семестрде орыс тілінен мен де, ол қыз да үш алдық. Шәкіртақыдан екеуміз де айырылдық. Оның орысшасы да менің айналам еді. Кейін оқуды бітіріп кетіп, екі жылдан соң магистратураға түстім. Ана қыз магистратураның екінші курсында оқиды екен. Содан әңгімелесіп отырғанбыз, бір уақытта әңгімеден әңгіме шығып, диссертацияға ауысқанда әлгі Томирисім:
- мен диссертацияны орысша қорғайын деп ем, қазақ тобы орысша қорғауға болмайды, - деп рұқсат бермей қойды, - дейді.
- неге орысша? Қазақша қорғай бермейсің бе, - десем,
- қазақша маған қиын, орысша түсіну жеңіл, - деп қарап тұр. Күлерімді не ашуланарымды білмедім.
- Томирис, айналайын, бірінші курсқа келгенде сен де, мен де орысша бір ауыз білмейтін ек, екеуміз де үш алып ек жалынып жүріп, өзіңше болмашы, - дедім. Шынында қазақша түсінбейтіндей ұмытып қалған жоқ, жай сол арсыз мақтан.

Өмірдегі мысал ғой, бірақ, қоғамнан бұндай оқиғаны жиі көремін. Қиналып орысша сөйлеп, қиналып орысша жазып жүреді. Тіпті орысша білмейді, бірақ, жұмыс іздеу үшін түйіндемесін орысша жазып алады. Неге тағы сол жоғарыдағы түсінік.

Енді әлқиса әңгімеме қайта оралайын. Орыс тілсіз өмір сүруге, жақсы жұмыс істеуге, бизнес жасауға бола ма?
- болады!!!

Соны дәлелдегім келді. Отаныма оралғалы 16 жыл, жұмыс істегелі 12 жыл. Орыс тілсіз өмір сүріп келемін. Орыс тілінде құжат толтырмаймын. Орыс тіліндегі құжатқа қол қоймаймын. Ұстаным сол, қандай жағдай болса да, бұзбаймын.

Бастапқы кезде мұғалім болдым, аса қажеттілік тумады. Республикалық "QAZBILIM" орталығын құрғалы бері орысша топ ашайық, жарнаманы орысша жасайық, - деген ұсыныс өте көп болды. Ұлтшылдық бизнестің жауы, ондай қырыстық дамытпайды, - деген ақылшылар көп болды.

- жоқ, орыс тілінсіз дамымай қалсам дамымай ақ қалдым. Орыс тілінде еш нәрсе болмайды деп қатаң ұстанымда келем. 7 жылға жуық, тіпті соңғы екі жылда Петропавл қаласында QAZBILIM осы ұстанымда жұмыс істеп тұр. Биыл Қостанайдан QAZBILIM лицейін аштық. Онда да осы ұстаным. Қанша солтүстік өңір болса да, орыс тілінсіз жұмыс жасау басты ұстаным.

12 облыста білім беру саласында қызмет етіп келеміз, 300 ге жуық адам жұмыс істейді. 120 дан астам оқу әдістемелік құрал шығардық. Жылында 3000-4000 оқушы бітіреді. Бірақ, қиналып жатқан біз жоқ. Есесіне талай мекеме бізбен келісім шарт жасау үшін қазақ тіліндегі келісім шарт үлгісі жоқ қиналды, орысша жасауды өтінді, соңында аудармашы жалдап қазақша келісім шарт алып келді.

Қазір өзім мемлекеттік мектепте басшылықта болғасын орысша құжат көп келеді. Хат жіберем, немесе телефон соғып қазақшасын жіберуді сұраймын, орысшасын толтырмаймын, мәдениетті түрде мемлекеттік тілдегі нұсқасын жіберіңізші деймін деп отырамын. Ешкімнің жоқ деуге қақысы жоқ, дайындап жібереді.