Get Mystery Box with random crypto!

Мақсат Толықбай: «Өрт сөндірушілер мұражайдан көретін техникан | AstanaTV

Мақсат Толықбай: «Өрт сөндірушілер мұражайдан көретін техниканы пайдаланып жатыр»

«AMANAT» партиясының бір топ депутаты  Семей орманында орын алған өртке байланысты жағдайды көзбен көру үшін Абай облысына аттанған болатын. Оқиға орнына барып қайтқан Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың айтуынша өртті ауыздықтауға қолда бар техниканың шамасы жетпей жатыр. Оның үстіне, байланыстың жоқтығы да жағдайды қиындатып жіберген.

«Өрттің аумағын көру үшін ондай жерлерде дрон болуы керек қой. Не байланыс жоқ, не интернет жоқ. Орман шаруашылығының 14 қызметкері жағдайды көрейік деп өз күштерімен аттанып кеткен. Кейбірі тіпті, өз көлігімен кеткен. Біз өрт болып жатқан жерден 500 метр қашықтықта тұрсақ та, түтіннен көзімізді аша алмай қалдық. Олар сол өрттің қоршауында қалып қойған. О баста дұрыс нұсқаулық та, жоғары жаққа дер кезінде хабар да берілмеген. Тағы да сол интернеттің, байланыстың жоқтығынан», - деді депутат.

Сондай-ақ, ол өрт сөндірушілер тозығы жеткен техникаларды пайдаланып жатқанын айтты.

«Өрт сөндіру техникаларын көрдік – сонау 1957, 1963 жылғы «ЗиЛ», «Урал» деген көліктер. Міне, сол мұражайдан көретін көліктерді әлі күнге дейін пайдаланып жатыр. Тікұшақтар да ескі. Оларда түнде көру құралы жоқ болғандықтан, күндіз ғана ұша алады. Осындай жағдайларды көзбен көрдік. Өрт сөндірушілермен кездесіп, не жетіспейді, қандай мәселелер бар жасырмай айтыңыздар деп айттық. Себебі біз айтып отырған жаңа Қазақстан ақиқатты мойындаудан басталады. Резервтегі қаражат жетпеуі мүмкін. Алдағы уақытта біз парламенттік тыңдау өткізіп, бюджеттен осыған ақша бөлу мәселесін көтереміз», - деді М.Толықбай.